Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биылғы әскерге шақырылғандар арасынан суицидке бейімді 470 адам анықталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУ
Информбюро мәліметінше, психикалық ауытқуы бар жастарды анықтауға үкімет тапсырмасы бойынша әскери психологтар әзірлеген Psy-риск әдістемесі көмектескен. Аталған азаматтардың бір бөлігі әскери қызметтен босатылса, енді бір бөлігі қосымша медициналық тексеруге жіберілген.
«Жаңа жүйе – бұл бірнеше кезеңнен тұратын психодиагностика механизмі. Ол бастапқы скринингтен, тереңдетілген психологиялық тексеруден және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптамадан тұрады. Басты мақсат – психоэмоционалдық тұрғыдан әскери қызметке дайын емес азаматтарды әскер қатарына алмау», – делінген хабарламада.
Аталған әдістемені еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
«Біз тек психологиялық тұрғыдан тұрақсыз азаматтарды іріктеуден ғана өткізуді көздеп отырған жоқпыз. Сонымен қатар болашақ әскери бөлімдердегі ұжымдарды ықтимал қауіптен қорғағымыз келеді. Бұл – бөлімдердегі денсаулық, өмір қауіпсіздігі және моральдық ахуал мәселесі», – деді Қорғаныс министрлігінің психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Арман Қалышев.
ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІ
Қазақстанда жыл сайын армияға шамамен 30–35 мың жас шақырылады. Көктемгі және күзгі екі шақырылым өтеді. Әскерге шақырылушылар – негізінен 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар.