ЕрекшеЭкономика

Қазақстанда несиенің максималды пайыз мөлшерлері уақытша өзгертілді

Қазақстанда қарыздар мен микронесиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейлері уақытша өзгертілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Ұлттық банкімен бірлесіп, қарыздар мен микрокредиттер бойынша бұрын белгіленген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерінің қолданылуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Жаңа талаптар 1 шілдеге дейін күшінде болады.

Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеуші орган ең жоғары рұқсат етілген сыйақы мөлшерлемелерін айқындайтын нормалардың жаңартылған редакциясын бекітті. Атап айтқанда:

  • банктер мен жекелеген банктік операцияларды жүзеге асыратын ұйымдар беретін банктік қарыздар бойынша:

    • кепілсіз қарыздар үшін – 46% (бұрын 56% болған),

    • кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар үшін – 35% (бұрын 40%),

    • ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін – 25%;

  • микрофинанстық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 46% (бұрын 56%);

  • 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге, сомасы 45 АЕК-тен (2026 жылы – 194 625 теңге) аспайтын микрокредиттер бойынша – тәулігіне 0,3%, бірақ жалпы мөлшері 179%-дан аспауға тиіс.

Шектеулі мөлшердегі қысқа мерзімді микрокредиттер үшін сыйақы мөлшерлемесін есептеудің арнайы тәртібі қолданылады. Қаржы ұйымдары бұл тәртіпті тек шартты рәсімдеу талаптары мен микрокредиттің толық құнын ашу талаптары сақталған жағдайда ғана қолдануға құқылы. Қарыз шартын жасасу, сыйақы мөлшерлемесін өзгерту немесе жаңа комиссиялар енгізу кезінде қаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің белгіленген шекті деңгейінен аспауға міндетті. Бұл талап жаңа нормалардың қолданылу мерзімі бойы сақталады.

Қаулы 5 қаңтардан бастап күшіне енген.

Back to top button