Қазақстанда министрлік саны Жапониядағыдан екі есе көп, сол үшін қысқарту керек – сарапшы

Экономист Мақсат Халық Қазақстандағы министрліктерді азайту керек деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сарапшы қандай да бір бастаманы іске асыру үшін жаңа министрлік немесе комитетті құрудың қажеті жоқ деп есептейді.
“Керісінше, олардың санын барынша қысқарту керек. Көптеген салалық министрліктерді тіпті, қосу керек деп есептеймін. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесі соны айғақтайды. Жапонияның өзінде министрліктер саны біздің елдегі министрліктерден екі есе аз”, – дейді ол.
Дей тұрғанмен, Мақсат Халық мемлекет басшылығының жасанды интеллектке баса мән беріп жатқаны әлемдегі негізгі трендтерді ескеру деп санайды. Оның айтуынша, әлем экономикасы енді тек осы бағытта дамиды.
Еске сала кетейік, Президент Тоқаев Жолдауда Қазақстанның цифрлық саласына жауапты басшыларға нақты міндет қойған еді. Жолдауда Президент үш жылдың ішінде Қазақстан толыққанды цифрлық ел болуы керектігін жеткізді. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.