Қазақстанда мердігерлерге қойылатын талаптар күшейтілді
Қазақстанда мемлекеттік құрылыс жобаларын жүзеге асыратын мердігер ұйымдарға қойылатын тәжірибе талаптары күшейтілді. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ
Бұдан былай бюджеттен тыс жобаларға қатысу тәжірибесі мемлекеттік емес ұйымдар тапсырыс берген техникалық күрделі объектілер бойынша ғана ескерілмек. Мәліметтер мемлекеттік сараптаманың ақпараттық жүйесі арқылы расталады. Ал мемлекет пен ұлттық компаниялар тапсырыс берген жобалар бойынша тәжірибе тек мемлекеттің өзі инвестиция салған жағдайда ғана есептеледі.
– Мердігердің тәжірибесі мемлекеттік сатып алудағы баға ұсынысына ықпал ететін критерий ретінде бағаланғанда, бір жыл ішінде үш нысаннан артық есепке алынбайды. Квазимемлекеттік сектор нысандары бойынша растаушы құжаттар қатарында хабарлама талоны мен сараптама қорытындысы талап етіледі, – деп нақтылады министрлік.
ЖАУАПСЫЗ КОМПАНИЯЛАР ЖАСАНДЫЛЫҚҚА БЕЙІМ
Аталған өзгерістерді әзірлеуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қатысқан.
Қаржы министрлігі өкілдері бұл түзетулерді таныстырғанда кей кәсіпкерлердің жұмыс тәжірибесіне қатысты деректерді манипуляциялайтынын мәлімдеген болатын. Бұған дейін сенатор Евгений Больгерт те бұл мәселені көтерген еді. Оның айтуынша, кейбір жауапсыз компаниялар ұсақ келісімшарттар арқылы жасанды түрде тәжірибе жинап, әділетсіз бәсекелестік артықшылықтарға ие болып келген.