Қазақстанда жеке детективтік қызметті заңдастыру мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаттары ұсынған жаңа заң жобасы бұл саланы алғаш рет нақты құқықтық негізге түсіруді көздейді. Құжатта жеке детективтердің кім бола алатыны, қандай өкілеттікке ие болатыны және олардың қызметіне қойылатын талаптар егжей-тегжейлі көрсетілген. Егер заң қабылданса, азаматтар мен бизнес өкілдері даулы мәселелер мен құқықтық дауларды шешуде жеке детективтердің көмегіне заңды түрде жүгіне алатын болады. Ал осы заңға бастамашыл депутаттар детектив қызметінің заңдастырылуы елдегі Заң мен Тәртіп идеологемасын дамытуға серпін береді деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кім жеке детектив кім бола алады әрі оған қандай өкілеттік беріледі
Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы Қазақстанда жеке детективтердің жұмысын құқықтық тұрғыдан реттеуді көздеп отыр. Құжатта детективтік қызметтің негізгі қағидаттары, лицензиялау тәртібі және олардың құқықтары мен міндеттері айқын көрсетілген. Заң жобасына сәйкес, жеке детективтік қызмет – азаматтар мен ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған лицензияланатын кәсіпкерлік қызмет түрі болып саналады. Мұндай қызметтерді жеке детектив агенттіктері немесе арнайы лицензия алған жеке детективтер көрсете алады. Детектив агенттіктерінің құрылтайшылары міндетті түрде лицензиясы бар детективтер болуы тиіс. Сонымен бірге мемлекет бұл салаға бақылау жүргізетін уәкілетті органды айқындап, лицензия беру және қызметті реттеу функцияларын соған жүктейді. Заң жобасы детективтердің жұмысы заңдылық, кәсіби әдеп және құпияны сақтау қағидаттарына негізделуі тиіс екенін нақтылайды. Сонымен қатар детективтердің қызметіне лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуына жол берілмейтіні де атап өтілген.

Депутаттар ұсынып отырған жоба бойынша жеке детектив болу үшін азаматқа қатаң талаптар қойылады. Мәселен, кандидат Қазақстан азаматы болуы, жоғары заңгерлік білімі және құқық қорғау немесе арнайы органдардың жедел-тергеу бөлімшелерінде кемінде жеті жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет. Ал заңгерлік салада кемінде он жыл еңбек өтілі бар азаматтар да бұл қызметке үміткер бола алады. Сонымен бірге жасы 30-дан төмен адамдар, соттылығы бар азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер немесе сыбайлас жемқорлық үшін қызметтен босатылған тұлғалар детектив бола алмайды. Әр детектив тек бір ғана агенттіктің құрамында жұмыс істей алады. Лицензия бес жыл мерзімге беріледі және оны мемлекет белгілеген уәкілетті орган рәсімдейді. Бұдан бөлек, детективтер үш жыл сайын аттестаттаудан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырып отыруға міндетті.
Заң жобасы жеке детективтердің қандай қызметтер көрсете алатынын да нақтылайды. Мысалы, олар жоғалған адамдарды немесе мүлікті іздестіруге, іскерлік серіктестер туралы ақпарат жинауға, жосықсыз бәсекелестік немесе қаржылық алаяқтық жағдайларын анықтауға көмектесе алады. Сонымен қатар азаматтық немесе қылмыстық істер бойынша дәлелдер жинау, хабарсыз кеткен адамдарды іздеу, сондай-ақ ата-аналардың сұрауы бойынша кәмелетке толмағандардың қауіпті әрекеттерге тартылуын анықтау да детективтердің міндетіне кіруі мүмкін. Дегенмен олардың қызметіне бірқатар шектеулер қойылады: мемлекеттік органдардың жұмысына араласуға, жедел-іздестіру құралдарын қолдануға немесе азаматтардың жеке өміріне заңсыз қол сұғуға тыйым салынады. Детективтер алған ақпаратты жария етуге немесе үшінші тұлғалардың пайдасына пайдалануға да құқығы жоқ. Заң жобасында детективтік құпия ұғымы да енгізіліп, клиент туралы мәліметтерді қорғау міндеті нақты көрсетілген. Сонымен бірге жеке детективтердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру қарастырылған. Құжат қабылданған жағдайда, Қазақстанда жеке детективтік қызмет алғаш рет толыққанды заңдық негізде жұмыс істей бастайды.
«Қазір біз тек сарапшымыз»
Қазақстанда заң жоба ретінде қаралып, қабылданбаса да детектив қызметін жүргізетін азаматтар жоқ емес. Олардың көбі кезінде құзырлы органдарда тергеуші немесе анықтаушы қызметтерін атқарған азаматтар. Десе де, олар дәл қазіргі таңда өз қызметтерін көсіле жүргізіп, тергеу немесе сот органдарына дәлел-дәйектерін ұсына алатындай жағдайда емес – тетік нақты жолға қойылмаған.
Детектив Рустам Мырзабаев өздері сияқты мамандарға қарапайым азаматтарға қарағанда ірі кәсіпкерлер жүгінеді. Олар құжаттарын ұсынып, сараптама жүргізуді өтінеді.
«Мәселен, бір компания екінші компаниямен қандай да бір келісім бойынша құжат жүзінде келісімшарт жасасса, біз сол қағаз-құжаттағы мәліметтердің шынайылығын, заңды күші бар немесе жоқтығын анықтап, айқындап береміз. Керек десеңіздер, біз айғақтарды да жинап берер едік. Алайда біздің ол дәлел, айғақтарымыз әдетте сотта негізге алына бермейді», – дейді маман.
Детектив ұсақ-түйекке дейін мән береді
Заң жобасын қолдап, өз ұсыныстарын енгізгелі отырған депутаттардың бірі Бақытжан Базарбек Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында Детектив қызметі туралы заң жобасын қабылдау арқылы Қазақстан болашаққа үлкен қадам жасайды деп санайды. Мәжілісменнің сөзінше, осы уақытқа дейін практикада құзырлы органдар тергеу жұмыстарын созбалаңға салып, дәлел-дәйек таппаған жағдайда жауып та келеді.

«Ал кәсіби түрде істің мән-жайын білетін детективтер кез келген істі үйіріп әкете алады. Әр істі жіті зерттеп, ұсақ-түйекке дейін мән береді. Себебі сол бір ғана істің ашылуына мүдделі болады. Детектив қызметін атқаратын заңды тұлға заң жобасында жазылғандай арнайы лицензия алуға міндеттеледі. Біз дәл қазір осы құжат арқылы детективтің жұмысының құқығын қорғалуын мақсат етуіміз керек. Мәселен, бір істі тергеуші жауып тастады делік, оған келіспеген жәбірленуші детектив жалдаса, сол істің бетін өзі аша алмаған тергеуші жалданған детективті қыспаққа алғысы келуі ықтимал. Сол себепті біз ең әуелі детективті заңмен барынша қорғау амалдарын ойластыруымыз керек», – дейді Бақытжан Базарбек.
Заң жобасының мәтіні қазір Мәжіліс сайтында тұрғанымен, әлі бірінші оқылымда қаралған жоқ. Әлбетте, ол заң қабылданып, күшіне енгенше ол бірден қолдау таба қоймайтыны да анық. Десе де, бұл заңның қабылдануы елдегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде жасалған үлкен қадамдардың бірі болмақ.