«Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың емес, 200 мың теңге болсын»: петиция жарияланды

Диас Абайұлы атты азамат «Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың емес, 200 мың теңге болсын» деген талаппен петиция жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПЕТИЦИЯ
Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Бұл шамамен 160 АҚШ долларына тең. Автордың сөзінше, аталған мөлшер аймақтағы ғана емес, әлемнің көп елімен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіштің бірі. Диас Абайұлы Түркіменстанда ең төменгі жалақы 200 мың теңгеге (шамамен 400 АҚШ доллары) жететінін, Балтық елдерінде (Эстония, Латвия, Литва) 500 000-нан 600 000 теңгеге дейін (1000–1200 АҚШ доллары) құрайтынын, ал Эквадорда 270 мың теңге (470 АҚШ доллар) екенін атап өтеді.
“Осылайша, Қазақстандағы ең төменгі жалақы Түркіменстаннан екі жарым есе, Литвадан сегіз есе төмен. Іс жүзінде 85 000 теңге отбасын асырауға, азық-түлік пен негізгі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жетпейді, әсіресе Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда немесе тіпті Тараз сияқты облыс орталықтарында. Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, ең төменгі жалақыны кем дегенде 200 000 теңгеге дейін көтеруге шақырамыз, бұл Түркіменстанның деңгейіне сәйкес келеді және бізді лайықты өмір сүрудің халықаралық стандарттарына жақындатады. Жерлестерімізді бұл бастаманы қолдап, петицияға қол қойып, халықтың үні естілуі үшін ақпарат таратуға шақырамыз”, – дейді ол.
Петициямен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
ҮКІМЕТ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕДІ
Осыдан бір апта бұрын Үкімет өкілдері ең төменгі жалақы келесі жылы 85 мың теңге болып қалатынын хабарлаған еді. Вице-премьер әрі ұлттық эконмика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, аталған мәселені кабмин қарастырып отырған жоқ.
Маусым айының соңында республикалық бюджет «ең төменгі жалақыны көтеруге қауқарлы» екенін және «есептеулер жүргізіліп жатқанын» айтқан қаржы министрі Мәди Тәкиев бұл сөздерінің есептік болжам болғанын түсіндірді. Биыл маусым айының соңында Мәди Тәкиевтен бөлек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова да журналистерге 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақының көтерілетінін айтқан еді.