Қазақстанда екі әйел алуды заңдастыру керек – Абзал Құспан
Еrbol Seilkhan YouTube арнасына берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда тоқал алуды заңдастыру керектігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТТЫҢ ЖЕКЕ ҰСТАНЫМЫ
Депутат өз басы екі әйел алуға қарсы екенін мәлімдеді, бірақ «біз немесе сіз қарсы болды екен деп ешкім тоқтап жатқан жоқ» дейді ол.
Бұл менің жеке ұстанымым ғой. Бірақ заңдық-құқықтық тұрғыда келетін болсақ, заңда мынадай бір ұғым бар. Барлық заңгерлер оны біледі: «де-юре», «де-факто» деген. «Де-юре» бізде 2 әйел алуға тыйым салынған. Оны бәріміз білеміз, ол заңда тұр. Заңсыз деп саналады. Жауапкершілік жоқ, әрине. Бірақ тыйым бар. «Де-факто» кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, төртінші әйелдері бар екенін білеміз, –деді Абзал Құспан.
Оның сөзінше, дін жолында жүрген азаматтардың басым бөлігі осыны қолдайтындығы, Пайғамбардың сүннеті ретінде қабылдайтыны көпшілікке белгілі.
– Пайғамбардың жағдайында бұл еріккеннен болған дүние емес еді. Жорық жағдайында, ылғи атыс-шабыс жағдайында, отбасын асырайтын ер-азаматтарсыз қалған жесірлерді асырау үшін жасалған амал еді түп мағынасы. Мен мұны өте сенімді түрде айтып отырған себебім, бұған қатысты дін саласындағы шынайы діни ғалымдармен көп сөйлескем, – деді ол.
Депутат ойынша, қазіргілердің әрекеті – құтырғандықтың белгісі. Ешкім ағасынан қалған жеңгесін әмеңгерлікпен алып жатқан жоқ. Жап-жас қыздарды алады. Бірақ өзі қарсы болды екен деп, болмаса басқа біреу қарсы болды екен» деп, тоқтап жатқан адам жоқтығын алға тартты. Сондықтан мұны заңдастыру қажет деп есептейді. Журналистің: “тоқалдықты заңдастыру қажет деп есептейсіз?” деген сауалына да көп бөгелмей жауап қатты.
– Иә, заңмен реттеу қажет. Енді оны әуелі қоғамның талқысына салған жөн. Ар жағында заңгерлер біз оның механизмін, жүйесін шығарамыз ғой, – деді ол.
ТОҚАЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДА ҚОРҒАЛҒАН БА
Осыдан барып журналист депутаттан берген жауабына қарай “екінші әйел алуға рұқсат ету қажет пе?” деген сауалын қойды.
– Иә, дұрыс түсіндіңіз. Енді құқықта «құқықтық нигилизм» деген нәрсе бар. Ол заңның қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Бізде заңдағы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Енді заңның тыйым нормасы қолжаулық болмағанда несі қалды? Айтыңызшы маған. Сондықтан да мұны заңдастыру қажет, – деді Абзал Құспан.
Депутат өз ойын жүйелеп, осы бойынша елде әйел құқығын қорғаушылар көптігін, бірақ осы мәселеге келгенде олардың позициясы өзгеріп шыға келетінін жасырмады.
– Олардың артында тұрған топтардың кейбір батыстық құқық қорғау органдарымен байланысын сезіп қоямын. Сол салада көп жүрдім ғой, білемін. Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыда қорғалмаған, – деді.
Бірнеше мысалды келтірген депутат өзін тоқал алуды қолдаушылардың қатарына қоспауды сұрайды. Не де болса мұны заңмен реттеу қажет.