Без рубрикиЖаңалықтарЭкономика

Қазақстанда әлеуеті жағынан Қашағаннан кем түспейтін кен орыны анықталды

Ел аумағында Қашаған кен орнына тең келетін ірі карбонатты массив анықталғаны жөнінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

МАССИВТІҢ РЕСУРСТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ

Астанада GECA 2026 халықаралық геологиялық форумы өтіп жатыр. Аталған ақпарат сол жерде сөз етілді. Бірінші орынбасардың айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарының негізгі бағыты Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелерін қамтитын Жылыой карбонатты платформасы болып отыр.

Ашылған Қаратон, Қажығали және Жылыой карбонатты массиві Қашаған кен орнының құрылымын қайталайды. Массивтің ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна (көмірсутектер). Бұл Қашағанның геологиялық әлеуетімен шамалас. Алайда Қашаған таяз теңіз аймағында орналасқандықтан, үлкен капиталдық шығынды талап етеді. Ал бұл массив құрлықта орналасқан. Осылайша, капиталдық шығын едәуір төмендейді, – деді Құрманғазы Есқазиев.

КЕЛІССӨЗ ЖҮРІП ЖАТЫР

Жалпы алғанда, Жылыой карбонатты массивінің ресурстық әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып отыр.

Қаратон учаскесінде қазірдің өзінде тереңдігі 5750 метр болатын ұңғыма бұрғыланып, жұмыстар оң нәтиже берген. Бес перспективалы нысан анықталған.

Компания басшысының бірінші орынбасары Қаратондағы табысты нәтижеден кейін геологиялық барлау жұмыстарын Қажығали учаскесінде кеңейту жоспарланып отырғанын айтты. Қазір жер қойнауын пайдалану келісімшартын алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жаңа жоба қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерге әсер етпейді және бөлек әрі басқа компаниялармен, оның ішінде «Татнефтьпен» серіктестікте жүзеге асырылады.

Back to top button