Қазақстанда 47 жыл бұрын тіркелген температуралық рекорд жаңарды
2025 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда ауа райы тұрақсыз болып, температуралық аномалиялар байқалды. Бірқатар өңірде ең жоғары температура көрсеткіштері жаңарып, 1978 жылы тіркелген рекорд бұзылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Қазгидромет» хабарлағандай, айдың басында Қазақстан аумағындағы ауа райы белсенді циклондық үдерістердің әсерінен қалыптасты. Республиканың көп бөлігінде қараша айына тән жылы ауа райы сақталды. Қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын жауып, кей өңірлерде боран, тұман және желдің күшеюі байқалды.
Желтоқсан айының басындағы рекордтық жылылық
Айдың алғашқы күндерінде еліміздің бірқатар өңірінде температура қалыпты деңгейден едәуір жоғары болды. 1 желтоқсанда Қостанайда ауа температурасы +4,8 градусқа жетіп, 2021 жылғы рекорд жаңарды. Ал Петропавлда ауа +2,6 градусқа дейін жылынып, 2009 жылы тіркелген ең жоғары көрсеткіш бұзылды.
Жезқазған қаласында 2–4 желтоқсан аралығында үш күн қатарынан температуралық рекордтар жаңартылды.
Қысқы ауа райының орнығуы
8-12 желтоқсан күндері ел аумағында күрт суыту байқалды. Солтүстік антициклонның ықпалымен температура 0–5 градустан -18–26 градусқа дейін төмендеп, нағыз қыс орнады.
47 жылдық рекордтың бұзылуы
Желтоқсанның екінші жартысында Қазақстанға қайтадан жылымық келді. 31 желтоқсанда Өскеменде ауа температурасы +6,3 градусқа жетіп, 1978 жылдан бері сақталған рекорд жаңартылды.
Ай қорытындысы
Желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–4 градусқа жоғары болды. Кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері орташа айлық көрсеткіштен бірнеше есе артық түсті.