TOP-2Білім

Қазақстанда 2018 жылдан бері жаңартылмаған оқулықтар қайта жазылады

Қазақстанда мектеп оқулықтары мен білім беру бағдарламалары толық қайта қаралады. Үкімет бұл өзгерістерді жаңа Конституциямен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда мектеп оқулықтары мен білім беру бағдарламалары толық жаңартылатынын Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі оқулықтардың басым бөлігі 2018-2019 жылдары әзірленген және содан бері мазмұны жүйелі түрде қайта қаралмаған. Енді жаңа Конституцияға сәйкес білім беру жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып, мектептен бастап колледждерге дейін қамтылады.

Министрлік реформаның негізгі бағыты ретінде білім сапасын арттыру мен бастауыш сыныптарды күшейтуді атап отыр. Осы мақсатта оқу бағдарламалары жаңартылып, бірінші сынып оқушылары жұмыс дәптерлерімен толық қамтамасыз етіледі. Орта буында іргелі пәндерге басымдық күшейіп, «Қазақстан географиясы» пәнін қайта енгізу мәселесі қаралуда. Ал жоғары сыныптарда негізгі пәндерді міндетті түрде оқу сақталып, білім беру стандарттары жаңартылады.

Қандай оқулықтар жаңартылады

Оқулықтарды жаңарту жұмыстары бірнеше жылға жоспарланған. 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңарса, 2027 жылы 1 және 5 сыныптар қамтылады. 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға жаңа оқулықтар енгізіледі. Сонымен қатар 10-11 сынып оқулықтарының мазмұны қайта қаралады.

Бұдан бөлек, тәрбие жұмысына да өзгерістер енгізіледі: мектептерде Конституция, құқық және экология бағытындағы курстар «Адал азамат» бағдарламасы негізінде күшейтілмек. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында дуальды оқыту дамытылып, колледждер мен өндіріс арасындағы байланыс нығаяды. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше мән беріліп, білім жүйесін жаңартуда Ұлттық білім академиясының рөлі күшейтіледі. Министрлік барлық өзгерістер қолданыстағы бюджет аясында жүзеге асатынын атап өтті.

Back to top button