БілімЭксклюзив

Қазақстанда 10 жылда 167 орыс мектебі жабылған: қазақ мектебі қаншаға көбейді

Tizgin.kz ақпарат порталы Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдап, кейінгі 10 жылда қазақ, орыс және аралас мектептер саны қаншаға көбейіп, қаншаға азайғанын анықтап көрді.

Ресми сауалға берген жауабында министрлік Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сүйенеді. Оған сәйкес, 2024-2025 оқу жылында елімізде 7920 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде: 4097 мектеп – қазақ тілінде, 1124 мектеп – орыс тілінде, 2684 мектеп – аралас тілде оқытады.

“Ал 2014–2015 оқу жылында республикада барлығы 7222 мектеп болды. Оның ішінде: 3794 мектеп – қазақ тілінде, 1291 мектеп – орыс тілінде, 2100 мектеп – аралас тілде, 20 мектеп – өзбек тілінде, 13 мектеп – ұйғыр тілінде оқытқан”, – делінген жауапта.

Салыстырмалы түрде қарастырғанда кейінгі 10 жылда еліміздегі мектеп саны 698 мектепке артқан. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 303-ке көбейген (3794-тен 4097-ге дейін), ал аралас мектептер саны 584-ке артқан. Есесіне, орыс, өзбек және ұйғыр тілінде оқытатын мектептердің саны азайған.

Back to top button