Қазақстанда 1 млн ауыл тұрғыны алғашқы медициналық көмекпен қамтылады
Биыл денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттен 3 триллион теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ
Үкімет басшысының айтуынша, жаңа медициналық нысандардың ашылуы, әсіресе ауыл-аймақта халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін біршама арттырады.
– Биыл 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталса, 1 миллион ауыл тұрғынын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтуға мүмкіндік туады. Жалпы, осы жылы медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 триллион теңге бөлінді, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр осындай ауқымды қаржылық қолдаудың тиімді жұмсалуына Денсаулық сақтау министрлігі қатаң бақылау орнатуы қажет екенін баса айтты. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу – қызмет сапасын арттырудың маңызды құралына айналуы тиіс.
“ҚОР ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУЫ ҚАЖЕТ”
Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – саланың негізгі буыны саналады. Алайда қордың бизнес-процестерін жаңғырту қарқыны төмен. Әсіресе жоспарлау, төлем жүргізу және сатып алу бағытында кемшіліктер байқалады.
– Осыған байланысты Қор жұмысты едәуір жандандыруы қажет. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту – халыққа медициналық көмекті қолжетімді, тұрақты және сұранысқа сай ету үшін үйлестірілген. Бұл тұрғыда жедел әрекет те талап етіледі, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Олжас Бектенов халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның сөзінше, жаңа тәсілдерді іске асыру барысында әлеуметтік осал топтардың мүддесі басты назарда болуы тиіс.