TOP-2Геосаясат

Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалдың тезірек тынышталуына неге мүдделі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыста зымырандар атыла бастағалы бері қақтығыстың тек бейбіт жолмен шешілетінін бірнеше рет мәлім етті. АҚШ пен Израильдің Иранмен текетіресі қыза түскен тұста Иран президенті Масуд Пезешкианның аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған соңғы мәлімдемесіне де қолдау білдірді. Қазақстан осы жағдайда нақты неге осындай ұстанымда отырғанын Tizgin.kz порталы белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұлов пен Абзал Құспаннан сұрап көрді. 

«Дәл осы жерде Тоқаевтың дипломатиясы керек».

Қазақстан президенті бұған дейін Иранның уақытша басқарушы кеңесі қабылдаған көрші елдерге шабуыл жасаудан бас тарту туралы шешімін оң бағалаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамды Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру мен қақтығыстың өршуін тоқтату жолындағы маңызды бастама деп санайды.

Оның алдында Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші мемлекеттерге соққы беруді тоқтату туралы шешімнің мақұлданғанын және бұл қадам аймақтағы бейбітшілікті сақтауға бағытталғанын хабарлаған болатын. Соған қарамастан, Иран тарапы соққыны жалғастырып жатты.

Сарапшы Жанат Момынқұлов Таяу Шығыстағы ахуал түбінде геосаяси салқындықтың Орталық Азия елдеріне ойысуына апаруы мүмкін деп болжайды.

«Міне, сондықтан дәл Тоқаевтың (Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Президенті) дипломатиясы осы кезеңде ауадай қажет. Ол жақында ғана осының бәрі болатынын бәлкім, болжай отырып, АҚШ президенті Дональдың Трамптың болмашы, бірақ әлеуеті бар Бейбітшілік кеңесіне кіруіміз, Ибрахим келісіміне қосылуы, сонымен қатар Газаға көмек жіберуге дайындығы – Америкаға жолдаған сигналы. Сонымен қоса оған жауап ретінде Трамптың аузымен Қазақстанды орта держава деңгейіне көтере отырып, Қазақстанды халықаралық актор ретінде әлем сахнасына қайта оралуына, бейбітшілік алаңына орын алуына Америка қолдау көрсетіп отыр. Бұл – екіжақты процес. Бұл – күрделі дипломатия», – дейді ол.

Қазақстан Иранмен Каспий арқылы шектесіп жатыр

Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, Иран Каспий теңізі арқылы Маңғыстау облысымен шектеседі. Сөзінше, егер Ирандағы соғыс өрті лаулап кете берсе, ол елден қалың босқын басқа елдерге қаша бастауы мүмкін.

«Маңғыстауға босқындар саны көбеюі мүмкін. Тікелей теңізбен есептегенде 550-600 шақырым (Иран мен Маңғыстау облысының арасы) болады екен. Біз Еуропаны көрдік қой. Африка елдерінен қашқан босқындар үлкен-үлкен теңіздерді әртүрлі қайықтармен кесіп өтіп жатыр. Суға кеткендер де болды. Оның қасында бұл – әлдеқайда қысқа жол. Сол себепті 100 миллионға жуық халқы бар Иранда жағдай күрделенсе, ол Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Сондықтан, ол жақтағы жағдайдың жылдамырақ келісім болғанына өте қатты мүдделі елміз», – дейді Абзал Құспан.

Қалай десек те, Таяу Шығыстағы қақтығыстың әзірге бәсеңдейтін түрі жоқ. Екі жақ зымырандарымен ғана емес, өткір мәлімдемелерімен де алмасып жатыр.

Back to top button