Ерекше

Қазақстан «Лукойлдың» активтерін сатып алуға дайын – Аққенженов

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның ел аумағындағы «Лукойл» активтерін бірінші кезекте сатып алу құқығы бар екенін мәлімдеді. Қазір компанияға ресми өтініш жасалған жоқ. Алайда «Лукойл» өз үлестерін сатуға шешім қабылдаса, мемлекет оларды сатып алуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

МИНИСТР НЕ ДЕДІ

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, «Лукойл» компаниясының активтерін сатып алу жөнінде әзірге тікелей келіссөздер жүргізілген жоқ. Дегенмен Қазақстан заңнамада көзделген басым құқықты пайдаланып, компания үлестерін сатып алуға дайын.

«Үкімет те, Энергетика министрлігі де “Лукойлға” бұл активтерді сатып алу туралы ресми түрде жүгінген жоқ. Алайда өткен жылдың соңында мен ашық түрде мәлімдедім: егер “Лукойл” Қазақстандағы активтерін сатуға шешім қабылдаса, біз заң аясында осы үлесті бірінші кезекте сатып алу мүмкіндігіне иеміз. Осыған байланысты Энергетика министрлігі тиісті хат-хабар жолдады», – деді министр.

Ол үлестерді сатып алуға қатысты кез келген қадам тек заң талаптарына сай және сатушы компанияның ресми шешімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті.

«ЛУКОЙЛДЫҢ» ЕЛДЕГІ АКТИВТЕРІ

Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Лукойл» Қазақстандағы бірқатар ірі мұнай-газ жобаларында үлеске ие:

  • «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» майлау материалдары зауыты – 100%;
  • «Теңіз» мұнай кен орны – 5%;
  • «Қарашығанақ» газконденсат кен орны – 13,5%;

«Жеңіс», «Әл-Фараби», «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобаларындағы 50 пайыздық үлестер, бұл жобаларда «Лукойл» «ҚазМұнайГаздың» стратегиялық серіктесі ретінде қатысады.

Контекст

2025 жылдың қазан айында АҚШ «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар енгізіп, олардың батыстық қаржыландыру мен халықаралық төлем жүйелеріне қол жеткізуін шектеді. Соның салдарынан «Лукойлдың» шетелдік бөлімшелерінің жұмысы тұралады. Алайда Қазақстандағы жобаларға, соның ішінде «Теңіз» кен орны мен КҚК-ға (Каспий құбыр консорциумы) қатысты шектеулер қолданылған жоқ. Бұл шешім мұнай экспортының тоқтап қалмауы үшін қабылданды, себебі ол жаһандық нарықтар мен Chevron секілді ірі батыс компанияларының мүдделеріне тікелей әсер етеді.

Back to top button