ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстан күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс – Тоқаев

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп жатыр, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев өзі президент болған 2019 жылдан бергі әр саладағы жеткен жетістіктерді атап өткен. Сыртқы саясатқа жеке тоқталған.

«Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым. Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда”, – дейді ол.

Президент осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түскенін, барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде танытқанын айтады.

“Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз. Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді»”, – дейді ол.

ПРЕЗИДЕНТ БИЛІГІ МЕН ПАРЛАМЕНТ ҚҰЗЫРЕТІ ЖАЙЛЫ

Тоқаев таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдегенін есіне алды. Бұл бастаманы алдын ала жариялауының өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсететінін жеткізді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ деді.

“Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады”, – дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өтті. “Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ» деді.

Back to top button