TOP-1

Қазақстан көпвекторлы саясатты қалай жүргізіп отыр

Еліміздің сыртқы саясаты 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап прагматикалық, теңгерімді және ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған саясат ретінде қалыптасып келеді. Оның мазмұнын айқындайтын негізгі қағидалардың бірі – көпвекторлылық, яғни әртүрлі елдермен және халықаралық ұйымдармен тең құқықты әрі өзара тиімді қатынастарды дамытуға бағытталған стратегия.

Көпвекторлы саясат

Көпвекторлы сыртқы саясат бір мезгілде бірнеше ықпалды орталықтармен: Ресей, Қытай, Батыс елдері, ислам әлемі және Орталық Азия мемлекеттерімен сындарлы қарым-қатынас орнатуды көздейді. Бұл тәсіл Қазақстанға бір ғана серіктеске тәуелділіктен сақтануға, егемендікті нығайтуға және жаһандық саясаттағы өзгерістерге икемді жауап беруге мүмкіндік береді.

“Халықаралық қатынаста болып жатқан оқиғалармен салыстырмалы түрде айтқан кезде Қазақстанның сыртқы саясаты бірден көзге түседі. Идеялар бойынша, құндылықтар бойынша бөліну жиілеп кетпен ортада өзінің қоғамына қолайлы саясат жүргізу оңай емес. Осы тұрғыда қарағанда Қазақстан ұлттық мүддесін қорғап, сыртқы саясатты лайықты атқарып келе жатыр. Халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде енді ғана мойындалған мемлекет 30 жылдың ішінде орта державаға дейін көтерілді. Демек халықаралық қауымдастық Қазақстанның деңгейін осылай мойындады“, — дейді саясаттанушы Риззат Тасым.

Оның айтуынша, кез келген сыртқы саясаттың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

“Бұл тұрғыдан алатын болсақ, біздің көпвекторлы саясатымыз біздің қоғам үшін қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында оған халық тарапынан сенім бар. Мысал ретінде айтатын болсақ, қазір Қазақстандағы билік сыртқы саясатты бір жақты, бір мемлекеттің мүддесіне қарай ығыстыратын болса немесе сондай ой тастайтын болса — бұған халықтың өзі қарсы болады. Көпвекторлы саясатты сынаушыларға осы мысалды келтіруге болады”, – дейді саясаттанушы.

Көпвекторлылықтың негізін құрайтын қағидалар: өзара құрмет және ішкі істерге араласпау, теңқұқылық пен прагматизм, ұлттық мүдделердің басымдығы; бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға ұмтылу.

Сыртқы саясаттың негізгі бағыттары

“Халықаралық қауымдастықта да Қазақстанның сыртқы саясатына деген сенім пайда болды. Қазақстан ұсақ және қысқа мерзімді пайда үшін ұзақ мерзімді стратегияны құрбандыққа шалмайтынына халықаралық қауымдастықтың көзі жетті. Қазақстан байыпты, байсалды, ұзақ мерзімді саясат жүргізе алады, соның арқасында Қазақстан жаһандық деңгейдегі күн тәртібіне араласып отыр”, – дейді саясаттанушы Риззат Тасым.

Қазақстан негізгі халықаралық серіктестерімен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Ресеймен өзара іс-қимыл экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларын қамтиды. Қытаймен ынтымақтастық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында нығаюда, мұнда Қазақстан маңызды транзиттік торап ретінде көрінеді. Еуропалық одақпен және АҚШ-пен қарым-қатынастар инвестициялар тартуға, технологияларды дамытуға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған.

Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан көрші мемлекеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың бастамашысы ретінде өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Халықаралық ұйымдардың рөлі

Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл ұйымдардағы қызметі арқылы ел жаһандық қауіпсіздік, терроризммен күрес, тұрақты даму және экологиялық мәселелер бойынша бастамаларды ілгерілетеді.

“Тәуелсіздік алған жылдары халық арасында сауалнама жүргізген кезде “Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды танымай жатыр, мойындамай жатыр” деп айтатын. Ал қазір халық арасында сауалнама жүргізгенде “Біз мына ұйымды тартуымыз керек, біз мынадай саясат жүргізуіміз керек” деген пікір айтады. Бұл – мемлекет ретінде нығайғанымыздың белгісі”, – дейді саясаткер.

2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елдің халықаралық беделін арттырған маңызды оқиға болды. Сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу да – маңызды бағыттардың бірі.

Қазақстан Республикасының халықаралық және сыртқы саясатын көпвекторлылық қағидаты негізінде іске асыру елге мүдделер теңгерімін сақтауға, егемендігін нығайтуға және әлемдік аренадағы рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Икемділік, прагматизм және ашықтық – XXI ғасырдағы қазақстандық дипломатияның басты сипаттары болып қала береді.

Back to top button