
Қазақстан 2026 жылы Германияға жеткізілетін мұнай көлемін арттырады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, Асхат Хасенов мұнай жеткізуді ұлғайту туралы бастаманы Rosneft Deutschland GmbH компаниясының бас директоры Йоханес Бремермен кездесу барысында айтты. Тараптар қазақстандық мұнайды Германияға тасымалдау мәселесін талқылап, өзара ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
«Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісім 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды (мұнай Karachaganak Petroleum Operating B.V. ресурстарынан жеткізіледі). Келісім аясында ай сайынғы жеткізу көлемі 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайтылады», – деп хабарлады компанияда.
Былтыр Германияға Қашаған кен орнынан да мұнай экспорттала бастады, ал 2025 жылы Теңгізден жеткізілімдер қосылады.
Биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстаннан жалпы көлемі 1,5 миллион тонна «қара алтын» жөнелтілді.