Қазақстан Еуропа одағына экспортты азайтты
Тоғыз айдағы нәтижеге сәйкес Қазақстан экспорты Еуроодақ, Ресей және Қытай нарықтарында қысқарып, Орталық Азия бағытында өсті, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ЕУРООДАҚ ПЕН ҚЫТАЙҒА ЭКСПОРТ
Мұнай бағасының төмендеуі аясында, энергетикалық ресурстар басымдыққа ие Қазақстанның Еуропалық одақ елдеріне экспорты 2025 жылдың тоғыз айында 2,1 млрд долларға қысқарып, 25,9 млрд долларды құрады. Номиналды мәнде бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға төмендеу.
ЕО-ға мүше 27 елдің жартысына жуығы қазақстандық тауар импортының көлемін азайтқан. Алайда дәстүрлі түрде бірнеше ел негізгі серіктес болып қала береді. Ең айтарлықтай төмендеу Италияда (12,1 млрд долларға дейін; –14,3%), Францияда (2,3 млрд доллар; –21,9%) және Грекияда (1,9 млрд доллар; –8,1%) байқалды. Керісінше, Қазақстаннан импортты көбейткен елдер де бар: Нидерланд (4,4 млрд доллар; +13,0%), Румыния (1,9 млрд доллар; +7,2%) және Испания (1,2 млрд доллар; +31,1%). Германияға жеткізілімдер де жоспарлы түрде артып келеді (930,4 млн доллар; +5,7%), оның басым бөлігі мұнай. Тараптар 2026 жылдан бастап мұнай тасымалының айлық көлемін 30 пайызға арттыру туралы қазанда келісімге келген.
2025 жылдың алғашқы жартысында 9,8% төмендеген Қытайға экспорт үшінші тоқсандағы айтарлықтай өсім есебінен қалпына келді. Нәтижесінде қаңтар-қыркүйек қорытындысында Қазақстанның ҚХР-ға экспорты 10,8 млрд долларды құрап, жалпы төмендеу бар болғаны 1,9 пайыз деңгейінде қалды.
Жалпы шығындардың басым бөлігі Қытайға экспортталатын алғашқы ондықтағы тауарлардың алтауындағы өсім есебінен өтелді. Мыс кендері мен концентраттары өткен жылғы деңгейін сақтады (2,2 млрд доллар; +1,0%), ал бес тауардың өсімі екі және үш таңбалы көрсеткіш көрсетті: уран (1,5 млрд доллар; +20,2%), ТВЭЛ (482,2 млн доллар; +71,2%), мал азығы (413,8 млн доллар; +158,9%), өңделмеген мырыш (379,3 млн доллар; +73,8%) және мырыш рудалары мен концентраттары (209,0 млн доллар; +46,1%).
Қазақстанның Қытайға экспорты топ-10-дағы төрт негізгі тауар бойынша азайды: шикі мұнай (1,6 млрд долларға дейін; –10,5%), мыс катодтары (1,3 млрд долларға дейін; –33,6%), жоғары көміртекті феррохром (758,1 млн долларға дейін; –0,5%) және табиғи газ (608,2 млн долларға дейін; –19,0%). Жалпы алғанда, Қытай бағытындағы қазақстандық экспорт 207,8 млн долларға төмендеді. Оның басым бөлігі алғашқы ондыққа кірмейтін тауарлар есебінен қалыптасты.
ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ӨСІМ
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты үшінші жыл қатарынан төмендеп отыр. 2025 жылдың тоғыз айында көрсеткіш 791,6 млн долларға азайып, 7,3 млрд доллар болды (–9,8%). Ресейге жеткізілімдер 1,1 млрд долларға азайды (5,9 млрд долларға дейін), Арменияға – 600 мың долларға (27,8 млн долларға дейін). Сол уақытта Қырғызстан Қазақстаннан импортты 248,3 млн долларға (1,2 млрд долларға дейін), Беларусь 79,4 млн долларға (210,6 млн долларға дейін) арттырды.
ЕАЭО бағыты бойынша экспорттың 81 пайызын құрайтын Ресей Қазақстаннан әкелінетін он негізгі тауардың бесеуі бойынша импортты азайтты. Ең үлкен төмендеу – уран жеткізілімінде (451,4 млн доллар; 733,1 млн долларға дейін; –38,1%). Сондай-ақ, мырышталған болат прокаты (182,2 млн доллар; –5,9%), агломерленген темір рудасы мен концентраттары (121,6 млн доллар; –40,4%), табиғи газ (111,4 млн доллар; –3,0%) және қалыңдығы 3 мм-ден төмен ыстықтай иленген болат прокаты (99,2 млн доллар; –0,3%) азайды.
Бірқатар тауар керісінше, өсімге ие: қалыңдығы 10 мм-ден жоғары ыстықтай иленген болат прокаты (301,4 млн доллар; +19,5%), алюминий оксиді (274,8 млн доллар; +5,7%), 3 мм қалыңдықтағы суықтай иленген болат (181,6 млн доллар; +12,9%) және көмір (93,1 млн доллар; +16,8%). Ең жоғары өсім өңделмеген алтын бойынша тіркелді (192,8 млн доллар; +59,2%).
Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорты 878,6 млн долларға өсіп, 4,7 млрд долларға жетті (+23%). Төрт мемлекеттің барлығы қазақстандық тауарларды көбірек сатып алған, ең жоғары өсім Өзбекстан тарапынан тіркелді (2,5 млрд доллар; +25,9%).
Өзбек нарығына экспортталатын негізгі он тауардың тоғызы өсті: жұмсақ бидай (479,4 млн доллар; +20,2%), күнбағыс және сафлор майы (170,8 млн доллар; +124,2%), ойықты арматура (124,5 млн доллар; +293%), күнбағыс және сафлор майының фракциялары (68,3 млн доллар; +88,3%), қант (67,3 млн доллар; +108,1%), ірі қара еті (61,3 млн доллар; +122%), минералды және газдалған су (57,0 млн доллар; +23,7%). Қорытпаланған болаттан жасалған жартылай фабрикаттар нөлден өсім көрсетті, ал жеңіл дистилляттар экспорты 62,6 млн долларға жетіп, 17 есеге артты. Тек бидай ұны бағыты бойынша ғана төмендей байқалады (81,5 млн доллар; –21,6%).