Кеңес Одағы ыдырағалы алғаш рет Қазақстаннан Арменияға бидай экспортталды. Бұл Баку мен Ереван арасындағы қатынастардың жақсаруына байланысты жүзеге асты, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ВАГОНДАР АМАН-ЕСЕН ӨТТІ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ұлттық астық операторы азық-түлік бидайын алғашқы бөлігін Арменияға жөнелтті. Жаңа пойыз бағыты Әзірбайжан аумағын басып өтті. Қазіргі уақытта 15 вагон Әзірбайжан шекарасынан аман-есен өтті және алдағы күндері Армениядағы Даларик станциясына жетеді.
2025 жылғы 21 қазанда Астанада қос Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Алиев кездесуінде Ереван бағытындағы транзит жүкке қатысты барлық шектеудің алынатыны жарияланды. Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерді қолдау ретінде Қазақстан жаңа теміржол маршруты арқылы пилоттық партия саналатын азық-түлік дәнін жөнелтті, – деп түсіндірді министрлікте.
МЫСЫР ДА САУДАНЫ ҚЫЗДЫРУҒА НИЕТТІ
Баку қаласына жұмыс сапары кезінде «НК «Продкорпорация» АҚ басшылығы Қазақстанның Әзірбайжандағы елшілігі өкілдерімен кездесті. Тараптар транзиттік жүктің өтуін және оны армян серіктестерге жеткізуді бірлесе бақылауда ұстайды.
Компания басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, жаңа маршрутты ашу тек экспорттық жетістік қана емес, аймақтық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы. Жаңа жол Қазақстанға логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, астық жеткізу географиясын арттыруға және Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, әлемдегі ең ірі бидай импорттаушы – Мысыр – күтпеген жерден Қазақстан дәнін қайта сатып алуға көшті. Соңғы 15 жылда алғаш рет елдің мемлекеттік агенттігі қайтадан отандық бидайды сатып алды.