Қазақстан Әзербайжан арқылы Арменияға бидай жеткізе бастады

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік қағаз жүзінде қалмай, нақты орнағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Әзербайжан оккупация басталған мезеттен бергі Арменияға жүк тасымалдауға қойылған шектеудің бәрін алып тастады. Арменияға алғашқы жүк транзиті ретінде қазақстандық бидай жіберілді. Бұл Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік қағаз жүзінде қалмай, нақты орнағанын көрсететін жарқын мысал», – деді ол.
Айта кетейік, бұл күнде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтіп жатыр. Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барған. Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысқан.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ GovTech-шешімдер қабылдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасы жөнінде баяндады. Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Smart City технологиялары, роботты техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Samruk-Kazyna жобалары көрсетілді.
Президенттер Astana Hub инновациялық кластерін аралап көрді. Орталықта 1800-ден астам IT-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді.