«Қазақмыс» сатылған соң жаңа миллиардер пайда болды
Нұрлан Артықбаевқа тиесілі компания шамамен 2-3 млрд АҚШ доллар мөлшеріндегі «Қазақмыс» активтерін иеленді. Бұл бағаны Energy Monitor қоғамдық қоры жетекшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов берді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ
Energy Monitor Telegram-арнасында Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясы «Қазақмыс» активтерінің жаңа иесі атанды деп жазылды. Ол 2024 жылдың соңында АХҚО-да (Астана халықаралық қаржы орталығы) тіркелген. Компанияның негізін қалаушы – Qazaq Stroy тобының иесі, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Артықбаевтың иелігіне өткен жаңа активтердің құны 2-3 млрд доллар деңгейінде бағаланады. Дегенмен құрылыс магнатына «түйткілге толы активтер» тиген көрінеді. Ал барлық жаңа әрі ең табысты жоба KAZ Minerals компаниясының еншісінде қалған.
МӘМІЛЕ РЕЙТИНГТІ ӨЗГЕРТЕ МЕ
Мәміленің нақты құны ресми түрде жарияланбады. Бұған дейін NBK порталы «Қазақмыс» 3,85 млрд долларға сатылуы мүмкін екенін хабарлаған, алайда кейін бұл ақпарат өшірілді. Qazaq Stroy басылымға берген түсініктемесінде 2026-2045 жылдар аралығында 3 трлн теңгеден астам (5,5 млрд доллардан көп) инвестиция салу көзделгенін мәлімдеді. Қаражат байыту фабрикаларын жаңғыртуға, гидрометаллургияны енгізуге, шахталық жобаларды дамытуға және энергетикалық қуаттарды кеңейтуге бағытталмақ. Қазір топ құрамына 37 компания мен ірі өндірістік алаңдар кіреді.
Forbes Kazakhstan редакциясы да бұл ауқымды мәміле Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингісіне өзгерістерге әкелуі мүмкін екенін атап өтті. 2025 жылдың мамырындағы дерек бойынша, рейтингтің үшінші сатысында «Қазақмыстың» бұрынғы иесі Владимир Ким 5,7 млрд доллар байлығымен тұрған. Компанияның тағы бір тең иесі Эдуард Огай 761 млн доллар капиталымен 14-ші орынға жайғасқан-ды.
Ал Нұрлан Артықбаев Forbes рейтингінде 44-ші орынға жайғасып, оның дәулеті 228 млн доллар деп бағаланған еді.
МӘН-ЖАЙЫ
Биыл қараша айының соңында-ақ Артықбаевтың “Қазақмысты” сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болған. Ал 10 желтоқсанда акционерлік қоғам шеңберлік келісімге қол қойылып, бақылауды өткізу рәсімі басталғанын хабарлаған.
2025 жылы Нұрлан Артықбаев құрылыс нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі ретіндегі позициясын нығайтты. Ол Qazaq Stroy тобына иелік етеді және «Самұрық-Қазынамен» байланысы бар газ өндіруші компанияның тең иесі атанды. Сондай-ақ Telecom Systems Ltd арқылы «Қазақтелекомның» 9,19 пайыз акциясын бақылайды. Бұл үлесті ол 2024 жылдың соңында Jusan Bank-тен сатып алған.