Қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан Gusto әкімшісі халықтан кешірім сұрады
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында болған жанжал тараптардың өзара ымыраға келуімен және сот санкциясымен аяқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Мейрамхана әкімшісінің қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау органдарының араласуына себеп болды.
Алматы қалалық полиция департаменті жүргізген тексеру барысында жанжалдың эмоционалдық тұрғыда өршіп, қатысушылардың бір-біріне күш қолданғаны анықталды. Сот шешімімен мейрамхана қызметкері мен клиент ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Оқиғадан кейін мейрамхана әкімшісі Елена есімді азаматша заңгер Мейірман Шекеевтің қатысуымен халықтан кешірім сұрады.
«Мен өзімнің сөздерім үшін отандастарымнан кешірім сұраймын. Мен де Қазақстанның азаматымын. Эмоцияға беріліп «Мен КСРО-да тудым» деп айтқаным үшін халқымның алдында кешірім сұраймын. Ешкімге тіл тигізгім келген жоқ»,- деп мәлімдеді мейрамхана әкімшісі.
Мейрамхана басшылығы болған жағдайды мойындап, мекеме мәзіріндегі қателіктерді түзетуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға уәде берді.