TOP-2ЕрекшеЖаңалықтар

«Қазақ халқына қарыздармыз»: Корей дәрігері 9 жыл бойы Қазақстанға тегін ота жасап жүр

Көпшілік біле бермейтін, бірақ Қазақстанға жыл сайын үнсіз жақсылық жасап келе жатқан жан бар. Оңтүстіккореялық дәрігер Ким Бусоп 2018 жылдан бері 60 еріктіден құралған үлкен командасымен Қазақстанға келіп, мыңдаған адамға тегін медициналық көмек көрсетіп, жүздеген ота жасаған. Бұл туралы Әсел есімді әлеуметтік желі қолданушысы жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстан халқына 10 жыл бойы тегін көмектесуге уәде берген

«Мүмкін, көпшілік ол туралы тіпті естімеген де шығар, алайда кореялық дәрігер өз еріктілер тобымен бірге Қазақстанға көп жылдан бері келіп, науқастарға тегін медициналық көмек көрсетіп жүр. Оның есімі – Ким Бусоп. Ол Оңтүстік Кореядағы Hyundae Hospital ауруханасының негізін қалаушы. Доктор Ким Қазақстанға 1937 жылы осы жерге жер аударылған кәрістердің тарихын білгеннен кейін қызығушылық таныта бастаған. Оған, әсіресе, қазақ халқының сол қиын-қыстау кезеңде жер аударылып келген кәрістерді қалай қабылдағаны, олармен қолындағы барын, тіпті соңғы нанын бөліскені қатты әсер еткен. Сол кезде ол қазақ халқына алғысының белгісі ретінде Қазақстанға 10 жыл бойы медициналық еріктілер миссиясымен келіп тұруға уәде берген», – дейді Әсел.

Қазақ халқына алғысын 9 жыл бойы іспен көрсетіп жүр

Оның айтуынша, 2018 жылдан бері доктор Ким Қазақстанға әр келген сайын шамамен 60 адамнан тұратын үлкен командамен бірге келеді.

«Дәрігерлер мен аурухана қызметкерлері өз еңбек демалыстарын алып, мұнда адамдарға көмектесу, қазақ халқына алғыс білдіру және екі халықтың ортақ тарихының осы бір күрделі кезеңін тереңірек тану үшін келеді. Осы 9 жыл ішінде мыңдаған пациент тегін медициналық көмек алды, жүздеген ота жасалды», – дейді ол.

Доктор Кимнің Қазақстандағы қызметі жылына бір рет өткізілетін медициналық миссиямен ғана шектелмейді.

«Ол қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектеседі, студенттерді қолдайды, медициналық құрал-жабдықтар береді, пациенттердің Кореяда ем алуын ұйымдастырады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Корея арасындағы медициналық ынтымақтастықты көп жылдан бері дамытуға үлес қосып келеді. Қазақстанда ол туралы көпшілік біле бермейтіні өкінішті. Менің ойымша, осындай адамдарды біз білуіміз керек. Олардың жасаған жақсылығын көріп, өзгелерге үлгі етуіміз қажет. Әсіресе адам ұзақ жылдар бойы өз пайдасы немесе атақ-даңқы үшін емес, қарапайым алғыс пен адамдарға көмектескісі келген ниетпен елге қызмет етіп жүргенде, оның еңбегін бағалауымыз керек», – дейді Әсел.

Оның айтуынша, пациенттерді қабылдау жыл сайын шілде айында Талдықорған қаласында өтеді. Әдетте нақты уақыты мен орны 2–3 ай бұрын жарияланады.

«Доктор Кимнің өзі – травматолог-ортопед, алайда медициналық еріктілер миссиясы кезінде онымен бірге басқа да медициналық бағыттардың профессорлары қабылдау жүргізіп, ота жасайды», – дейді ол.

Негізгі бағыттардың қатарында:

  • жалпы хирургия;
  • нейрохирургия;
  • терапия;
  • гастроэнтерология;
  • кардиология;
  • басқа да медициналық салалар бар

«Жақсылықты кеңінен насихаттау керек»

Әлеуметті желі қолданушылары бұл ақпаратты оқып, әртүрлі пікір жазып, алғыс білдірді.

«Осындай адамдар туралы үнемі жазып, айтып отыруымыз керек. Күн сайын түрлі даулы тұлғалар мен жағымсыз оқиғалар туралы ақпарат тарайды. Ал адамдарға шын жүректен көмектесіп жүрген осындай жандардың еңбегі көпшілікке көбірек айтылуға лайық»,

 

«Бұл адам – біздің заманымыздың нағыз қаһарманы! Қазақ халқы атынан доктор Ким Бусопқа үлкен рақмет!»,

 

«Осындай жақсы жаңалықтарды кеңінен насихаттап, көпшілікке жеткізу керек. Бұл – адамгершілік пен халықтар арасындағы шынайы достықтың жарқын үлгісі. Жарыққа шығарып, халыққа жеткізгендеріңізге рақмет! Бұл – өте жақсы жаңалық, сондықтан мұндай игі істі барынша кеңінен насихаттау керек!», – деген пікірлер жазылды.

 

 

Back to top button