Депутаттар бұған дейін нарықта монополияға айналған бес банктің үлесін шектеу керек дескен. Алайда Ұлттық банктің ұстанымы олардың пікіріне қайшы болып шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айта кетейік, бұған дейін Айдарбек Қожаназаров бастаған бір топ депутат Қазақстандағы ең ірі бес банк сектор активтерінің 63%-ын бақылауда ұстап отырғанын хабарлаған еді. “Бұл халықаралық ұсынымдардан (40–45%) айтарлықтай асып түседі. Бұл — бәсекелестік емес, монополия. Жалпы қаржы жүйесі үшін де тәуекел” деген Қожаназаров.
СҮЛЕЙМЕНОВ КЕЛІСПЕЙДІ
Ұлттық банк төрағасы оған берген жауабында халықаралық тәжірибеде банктердің үлестерін шоғырландыруға тікелей лимит қойылмайтынын айтады. Дамыған елдердерде “шоғырландыру процестерінің қалыпты нәтижесі және көбінесе қаржы жүйесінің орнықтылығын арттырады” деп есептейді. Сөзінше, АҚШ-та үш ірі банк банк секторы активтерінің үштен бірінен астамын бақылайды, Германияда бұл шамамен 80%-ды құрайды, Еуропаның басқа елдерінде ірі банктердің үлесі 70%-ға дейін жетеді. Қазақстанда банк секторының активтері 65,1 трлн теңге болған, бұл ретте үш ірі банкке активтердің шамамен 54,6%-ы тиесілі, яғни бұл жағдайды халықаралық көрсеткіштермен салыстыруға болады дейді ол.
Ірі банктерді Ұлттық банк жүйелік маңызы бар банктер (ЖМБ) деп атайды.
“Ірі ойыншылардың үлесіне қатаң шектеулер енгізу қаржылық тұрақтылыққа жағымсыз әсер етуі, портфельді ұлғайтуға, сервистерді жақсартуға, цифрландыруды ендіруге және жасанды интеллектті ендіруге ынталандыруды төмендетуі мүмкін. Ірі банктерде жоғары капиталдандыру, тәуекелдерді басқару ресурстары және шағын қатысушыларда жоқ технологиялық инфрақұрылым бар. Олардың үлесін шектеу өтімділіктің төмендеуіне, ірі жобаларды кредиттеу мүмкіндіктерінің төмендеуіне және клиенттер үшін шығасылардың артуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар шағын банктердің экономикалық күтпеген өзгерістерге төзімділігі төмен болуы мүмкін, бұл дефолт пен банктердің дағдарысқа ұшырау тәуекелін арттырады”, – дейді жауабында Сүлейменов.
Оның сөзінше, қаржы саласындағы өңірлік көшбасшылығы негізінен ірі, жоғары капиталдандырылған, жүйелі банктер есебінен қамтамасыз етіледі. “Осылайша, банктердің активтерін шоғырландыруға тікелей шектеулер енгізу орнықтылықты төмендетіп, қаржы нарығының дамуын бәсеңдетуі мүмкін және әлемдік тәжірибеге сәйкес келмейді” дейді Сүлейменов.