«Qarmet-тен» Миттал кезінде ұрланған қалдықтар бойынша іс қозғалды
Қаржылық мониторинг агенттігі «Qarmet» мирасқоры саналатын «АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры С.Г.Кимді тергеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚМА мәліметінше, 2015 жылы «АрселорМиттал Темиртау» АҚ пен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған. Алайда С.Г.Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған.
“Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару мақсатында қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы — «Күзет» ЖШС тартылған, оның қызметкерлері автокөліктердің іс жүзінде бақылаусыз өтуін қамтамасыз еткен. Ұрланған мүлікті С.Н.Ким өз бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» ЖШС және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы заңдастырған. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Күдікті Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды.
