Қарақалпақ белсендісі Акылбек Мұратбай Қазақстаннан кетіп, Батыс елдерінің бірінен саяси баспана алды. Оған Өзбекстанға экстрадиция қаупі төнген еді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ҚАЗАҚСТАНДА ОН ЖЫЛ ТҰРҒАН
Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлауынша, Мұратбай 6 қарашаға қараған түні Қазақстан аумағынан шықты. Ол мұнда он жылдан астам уақыт өмір сүрген. Белсенді 10 қарашаға дейін елден кетпегенде, Өзбекстанға берілу қаупі төнетін еді. Көрші елде оған «конституциялық құрылысты бұзуға әрекет жасады» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
2022 жылғы шілдеде Қарақалпақстанда Конституцияға енгізілмек болған өзгерістерге қарсы жаппай наразылықтар өтті. Өзбек билігі тәртіпсіздікке жол берілмегенін мәлімдеп, қатысушыларға қатысты тексеріс бастаған. Сол кезде ұсынылған түзетулер Қарақалпақстанның мәртебесі мен ел құрамынан шығу құқығына қатысты болған. Кейін бұл тармақтар Конституция жобасынан алынып тасталды. Дегенмен кейінірек бірқатар белсендіге, соның ішінде шет елде жүргендерге де қылмыстық істер қозғалды.
ТАҒЫ БІР ҚАРАҚАЛПАҚ ЭКСТРАДИЦИЯ ҚАУПІНДЕ
Қазақстанда қарақалпақ текті бірнеше белсенді Өзбекстанның сұрауы бойынша бір жылға жуық уақыт тергеу изоляторында отырған. Кейін олар бостандыққа шығып, Өзбекстан билігінің қолы жетпейтін қауіпсіз елдерге кетіп үлгерген. Акылбек Мұратбай Нүкіс оқиғалары туралы ашық пікір білдіріп жүрген танымал белсенділердің бірі. Сол көзқарасы үшін ол да қамауға алыну қаупінде болған.
Осыған ұқсас экстрадиция сұраулары бойынша тек бір адам ғана Өзбекстанға өз еркімен қайтып, кейін екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған.
Қазір Қазақстан аумағында Өзбекстан азаматтығы бар тағы бір қарақалпақ белсендісі экстрадиция қаупінде қалып отыр.
Акылбек Мұратбайдың қауіпсіз елге көшуі Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы мен бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қолдауымен мүмкін болғаны хабарланды.