Ерекше

Қайрат Сатыбалды иелік еткен бизнес-орталық сатылғалы жатыр

Алматыда сотталған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бизнес-орталық саудаға қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

НЫСАН ҚАНШАҒА БАҒАЛАНДЫ

Бұл жерде тақырып 63 920 шаршы метрді құрайтын Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы туралы болып отыр. Нысан 2030 жылғы 16 тамызға дейін мерзімі бар уақытша, ақылы және қысқамерзімді жер пайдалану құқығымен рәсімделген жер телімінде орналасқан. Қазір аталған нысан «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС-нің балансында тұр.

Лот сипаттамасында көрсетілгендей, Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы бүгінде серіктестіктің еншілес ұйымы арқылы сенімгерлік басқаруда. Ғимараттағы кеңселерді 53 жалға алушы пайдаланып отыр.

Нысанның қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде құны 47,3 млрд теңгеден асады делінді. Бастапқы сату бағасы – 61,5 млрд теңге, кепілдік жарна – 9,2 млрд теңгеден астам. Бағаны арттыру тәсілімен өтетін аукцион 7 сәуірге жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында орналасқан Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базары да сауда-саттыққа шығарылған болатын.

Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ мен Көлік сервисі орталығы қаражатын аса ірі көлемде жымқырды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған. Кейінірек оның бұрынғы жұбайы Гүлмирамен бірге бизнеске рейдерлік жолмен иелік ету дерегі бойынша да күдікке ілінгені хабарланды.

МӘН-ЖАЙЫ

2022 жылдың қыркүйегінде сот Қайрат Сатыбалдыны мүлкін тәркілей отырып, жалпы режимдегі түзеу колониясында алты жылға бас бостандығынан айыру және 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар сот Қазақстан Президентіне оны ұлттық қауіпсіздік органдарының «генерал-майоры» арнайы атағынан, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру жөнінде ұсыныс енгізу туралы қаулы қабылдады.

2023 жылдың желтоқсанында Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш білдіргенімен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Ал 2024 жылы сот үкімі қайта қаралып, келтірілген залалдың өтелуіне байланысты жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылды.

Бұған дейін қылмыстық істер аясында сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы көлемі 732,8 млрд теңгені құрайтыны хабарланған.

Сондай-ақ Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдының кінәні мойындау және заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы процессуалдық келісім шарттарын орындау аясында мемлекетке қосымша 18 млрд теңгеге жуық актив қайтарғанын мәлімдеген.

Back to top button