Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұраған өтінішін қайтарып алды
Заңсыз табысты заңдастырғаны үшін сотталған қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш түсірген болатын. Бірақ оны дереу қайтып алды, деп хабарлайды Tizgin.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.
ІС НЕГЕ ҚАРАЛМАДЫ
Сот отырысы 2 қазан күні өтті. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі ақпаратынша, Бостандық аудандық соты Боранбаев өтінішін қараусыз қалдырды. Кәсіпкер өтінішін өз еркімен кері қайтарып алған. Істің қаралмау себебі де осы.
Қайрат Боранбаев — Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. 2021 жылы Forbes Kazakhstan журналы оны елдегі ең бай 50 кәсіпкердің қатарына қосып, 14-ші орынға, ал ең ықпалды 50 адамның ішінде 5-ші орынға қойған.
БОРАНБАЕВТЫҢ АКТИВТЕРІ
2023 жылдың қыркүйегінде Қайрат Боранбаев алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған аса ірі көлемде қаржы жымқыру және заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру айыптары тағылды. Сол жылдың қазан айында сот Қайрат Боранбаевтың тергеу изоляторында өткізген уақытын ескеріп, жазаның өтелмеген бөлігін бостандығын шектеу жазасына алмастырды.
Сол айда «Phystech II» акционерлік қоғамының акционерлері 13 749 100 қарапайым акцияны (яғни, дауыс беру құқығы бар акциялардың 100%) мемлекетке өтеусіз беруге шешім қабылдады. Бұл активтердің жалпы бағасы 35,4 миллиард теңгеге бағаланған.
Аталған «Phystech II» компаниясы бұған дейін Қайрат Боранбаевтың меншігінде болған. Ол кәсіпкерге «ҚазТурбоРемонт» холдингі арқылы тиесілі болды. Компания Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражамбас кен орнына иелік еткен. Алайда, соңғы жылдары бұл актив тек шығынға жұмыс істеген.