Боранбаев Қытай мен Дубайда мейрамхана ашпақ
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев өзінің Food Solutions компаниясын халықаралық нарыққа шығару жоспары бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
БИЗНЕСІН КЕҢЕЙТКІСІ КЕЛЕДІ
Бұл туралы ол мұның алдында «Ручная экономика» арнасы Алматыда өткен Shanyraq бизнес-форумын бағдар етіп, ақпар ұсынған еді. Қайрат Боранбаевқа тиесілі Food Solutions компаниясы 2022 жылға дейін Қазақстандағы McDonald’s желісінің ресми операторы болған. Қазір ол бизнесті кеңейту жоспары жайлы айтты. Бүгінде Қазақстанда I’M брендімен 25 мейрамхана жұмыс істеп тұр, жыл соңына дейін тағы төртеуін ашпақ.
“ІРІ КЕЛІСІМ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫЗ”
Бизнесменнің айтуынша, алдағы уақытта шетел нарығына шығу – компанияның негізгі басым бағыты.
«Біз экспансияны әрі қарай жалғастырамыз. Қазір ірі келісім мен франшиза дайындап жатырмыз. Осы арқылы халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз… Менің айтып отырғаным – Дубай мен Қытай», – деді Қайрат Боранбаев форум барысында.
Қайрат Боранбаев Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендері рейтингісінде 20-орында және елдегі ең ірі рентье тізімінде 8-орында тұр. Ол «Алмалы» компаниясы арқылы Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower бизнес орталығының үлескер иесі болып саналады. Қыркүйек айында оған тиесілі «Целинный» заманауи мәдениет орталығы ашылды. Сондай-ақ, Боранбаев «Қайрат» футбол клубының мажоритар иесі.