Күні кеше Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы талқыланды. Құжатты талқылау барысында өңірлерге субвенция (қаржы) бөлу мәселесі де қызу талқыға түсті. Депутаттардың бірі «біздің аймаққа ақша әділетсіз түрде аз бөлінеді» десе де, жауапты министрліктер мұнымен келісе қоймайды. Tizgin.kz тілшісі бұл мақалада осы мәселеге үңіліп көрді.
ҚАЙ ӨҢІР ҚАНША АЛЫП ЖАТЫР
Қай өңір республикалық бюджеттен қанша ақша алып жатқанын білу үшін әуелі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті шолып шығайық. Құжатта бюджет доноры Алматы (251,5 млрд теңге), Атырау облысы (178,1 млрд теңге) және Астана қаласы (74,5 млрд теңге) екені көрсетілген. Қазақстанның қалған өңірлері керісінше республикалық бюджеттен субвенциялар (қаржылай көмек) алады. 2025 жылы олардың жалпы көлемі 5,7 трлн теңге (2024 жылы бұл көрсеткіш 5,2 трлн теңге болған).
Әйтсе де, кейбір сарапшылар «бүкіл Қазақстанды осы үш өңір асырап жатыр» деген пікірмен келіспейді. Мәселен, қаржыгер Расул Рысмамбетов шын мәнінде, донор-өңірдің саны көп екенін, мәселе қай компания қай қалада тіркелгеніне байланысты екенін ескертеді.
«Салықтар іс жүзінде қай жерде қызмет атқарғанына емес, тіркелген жеріне төленеді. Алматы мен Астана бюджетке негізінен шағын және орта бизнес арқылы түсім әкеледі. Бұған қоса, Алматыда тіркелген банктер мен мұнай компаниялары бар. Атырау облысына мұнай секторынан ақша түседі. Ал Астанада квазимемлекеттік компаниялар маңызды рөл атқарады, олар салықты елордада төлейді», – дейді Рысмамбетов.
Сарапшының айтуынша, егер Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында жұмыс істейтін мұнай компаниялары салықты мұнай өндірілетін жерде төлейтін болса, ал ірі ойыншылар табысын Алматы мен Астанада емес, өңірлерде тіркегенде, донор өңірлердің саны әлдеқайда көп болар еді.
2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Қазақстанның 17 өңірі субвенция алады. Ең көп қаржы Түркістан облысына бөлінген – 1,1 трлн теңгеден астам. Одан кейінгі орында Қызылорда облысы – 476,7 млрд теңге және Жамбыл облысы – 465,9 млрд теңге. 2025 жылы республикалық бюджеттен өңірлік бюджеттерге берілетін субвенциялар көлемі жалпы 5,7 трлн теңгені құрайды.
Өңірлердің бюджеттен алатын субвенциялары мынадай (2025 жыл):
- Түркістан облысы 1,1 трлн теңге;
- Қызылорда облысы 476 млрд теңге;
- Жамбыл облысы 465 млрд теңге;
- Жетісу облысы 386 млрд теңге;
- Ақмола облысы 383 млрд теңге;
- Қарағанды облысы 347 млрд теңге;
- Қостанай облысы 340 млрд теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы 336 млрд теңге;
- Ақтөбе облысы 318 млрд теңге;
- Шығыс Қазақстан облысы 270 млрд теңге;
- Батыс Қазақстан облысы 266 млрд теңге;
- Абай облысы 251 млрд теңге;
- Алматы облысы 203 млрд теңге;
- Маңғыстау облысы 166 млрд теңге;
- Павлодар облысы 146 млрд теңге;
- Ұлытау облысы 59 млрд теңге;
ӨМІР БАҚИ АҚША ЖЕТПЕЙТІН АУТСАЙДЕРДЕР ӨҢІРЛЕР БАР
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бюджетті бөлудің жаңа әдістемесі қабылданғанымен, қаражатты бөлуде ешқандай өзгерістер болмай жатқанын айтады. Депутат мұны бюджет талқысындағы ең даулы мәселе деп атайды.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан (Фото Мәжіліс сайтынан)
«Өмір бақи аутсайдер өңірлер мен республикалық бюджеттен өмір бойы артығымен ақша алып алатын өңірлер бар. Олар кімдер? Көп ақша алатын – оңтүстіктегі облыстар. Түркістан, Қызылорда облысы ең көп ақша алса, ең аз алатындардың қатарында біздің Батыс Қазақстан облысы (депутаттың өзі сол жақтан сайланған – авт.) тұр. Яғни, қосылғыштардың орыны өзгергенімен, қосынды өзгермеді», – дейді ол.
Абзал Құспанның сөзінше, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысының халқы бірдей болғанымен, алдыңғысына 2026-2028 жылы трансферттерді бөлгенде екі есе аз ақша бөлінгелі тұр. Ал Қызылорда облысында ол сома үш есе көп.
«Түркістанда халық саны үш есе көп, оған дау жоқ. Бірақ бөлініп жатқан ақша 9 есе көп. Сонда әдістемеден не ұттық? Қай жердің әкімдері күшті – сол басшылар көбірек ақша алып кетеді», – дейді ол.
Депутат Батыс Қазақстанның Бөкейордасында құлайын деп тұрған мектептің видеосын мысалға келтірді. Ағаштан салынған, әрең тұрған мектепке ақша сұрағалы 10 жыл болған. Сол өңірде 300 жылдық түрме де әбден тозып кеткен.
«Өңірлер ақша сұрамайды емес – сұрап жатыр. Бірақ Астана шешім қабылдайды. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің белгілі бір өңірлерге бүйрегі бұрып тұрады. Қалай болғанда да, Үкімет өзінікін жасап жатыр. Үкіметтің негізгі ұстанымы – әділдік принципінен алшақ», – дейді Абзал Құспан.
«КАРТ-БЛАНШ ЕШКІМДЕ ЖОҚ»
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин депутаттың бұл пікірімен келіспейді. Оның сөзінше, әкімдердің саяси салмағына қарай ақша бөлу үрдісі бұрын болған.

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин (Фото Курсив.кз сайтынан)
«Біз жаңа бюджет кодексін қабылдадық. Тәсілдер қазір басқаша. Аймақтық стандарттар жүйесі деген бар. Мәселен, әрбір салалық мемлекеттік орган (жолға жауапты немесе тұрғын үй шаруашылығына жауапты) әр өңірдегі қажеттілікті көрсетеді. Жолды алайық. Мемлекет басшысы жолдардың 95 пайызын қанағаттанарлық деңгейде ұстауды тапсырды. Қазір ол көрсеткіш – 75 пайыз. Біз қазір жол сапасы ең нашар өңірлерді қаржыландыруымыз керек. Трансферттерді бөлген кезде міне, осы амал-әдіс ең әуелі есепке алынды», – дейді ол.
Азамат Әмриннің айтуынша, субвенциялардың бәрі қажеттілікке қарай бөлінеді. Инфрақұрылым, жол, су мәселесін реттеу үшін алдағы үш жылда бюджеттен 9,1 трлн теңге бөлінгелі отыр. «Бәрін бір сәтте шешу мүмкін емес. Карт-бланш ешкімде жоқ» деп сендіреді Азамат Әмрин.