Психологтарға клиенттермен көңіл жарастыруға тыйым салынбақ
Қазақстанда психологтарға кәсіби көмек көрсету шеңберінен тыс клиенттермен қарым-қатынас орнатуға тыйым салынуы мүмкін. Атап айтқанда, клиенттермен достық, романтикалық, сексуалдық, қаржылық, қызметтік байланыс орнатуға жол берілмейді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
Кодекс жобасында мамандар ұстануы тиіс негізгі этикалық қағидалар белгіленген. Олардың қатарында:
- заңдылық;
- адам құқықтарын, бостандықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу;
- адамның дербестігін, мәдени, тілдік, ұлттық және діни ерекшеліктерін ескеру;
- кемсітушілік пен адамның қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге жол бермеу;
- еріктілік;
- құпиялылық және кәсіби құпияны сақтау;
- кәсіби құзыреттілік;
- қолданылатын әдістер мен тәсілдердің ғылыми негізділігі;
- адамға физикалық, психологиялық немесе әлеуметтік зиян келтірмеу;
- адалдық пен жауапкершілік;
- маманның біліктілігі, тәжірибесі мен қолданатын әдістері туралы клиентті адастырмау;
- көрсетілетін көмек сапасына жауапкершілікпен қарау;
- клиенттің кеңес алып, болмаса терапияны тоқтату құқығын құрметтеу бар.
Құжатта не жазылған
Кодексте балалармен және әрекет қабілеті жоқ азаматтармен жұмыс істеуге қатысты бөлек талаптар да қарастырылған.
«Кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдармен жұмыс істеу кезінде психолог олардың жасы даму деңгейіне сәйкес пікірін ескереді», – делінген құжатта.
Психолог тек өзінің біліктілігі, кәсіби даярлығы мен тәжірибесі шегінде ғана көмек көрсетуі тиіс.
Егер жағдай маман құзыретінен асып кетсе, ол клиентке тиісті бейінді маманға жүгінуді ұсынып, болмаса, супервизия алуы қажет. Бұл ретте психолог өз құзыретінің шектеулі екенін клиентке түсіндіріп, супервизор бақылауымен жұмысты жалғастыруға келісімін алуы тиіс.
Сонымен қатар психологтар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттырып, психология саласындағы заманауи ғылыми зерттеулер мен деректерді қадағалап отыруға міндеттелмек.
Клиент келісімі қажет
Психологиялық көмек көрсетілмес бұрын маман клиенттен жазбаша ақпараттандырылған келісім алуы керек. Оның нысанын кәсіби біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Психолог клиентке көрсетілетін көмек мақсаты, қолданылатын әдістері, шарттары мен шектеулері туралы алдын ала ақпарат беруге тиіс.
Егер клиент кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз болса, келісімді оның заңды өкілі береді. Дегенмен заңда көзделген кейбір жағдайда мұндай келісімсіз де психологиялық көмек көрсетуге болады.
Олардың қатарында суицидтік мінез-құлық белгілерінің болуы, адамның дағдарыстық жағдайда болуы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қазіргі фактілері туралы ақпараттың болуы көрсетілген.
Психолог клиентпен жұмыс барысында алған барлық ақпарат құпия болып саналады. Оны клиенттің жазбаша келісімінсіз жариялауға болмайды.
Құпия ақпаратқа мыналар жатады:
- адамның психологиялық көмекке жүгінген фактісі;
- консультация барысында айтылған ақпарат;
- диагностика нәтижелері;
- жеке өміріне қатысты мәліметтер;
- құжаттар, жазбалар және басқа да материалдар.
Клиентті аудио немесе бейнежазбаға түсіруге тек оның немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімі алынған соң ғана рұқсат етіледі.
Егер психолог клиенттің немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын анықтаса, бұл туралы тиісті органдарға дереу хабарлауға міндетті.
Психологқа шектеу
Кодекс жобасында психологтардың мүдделер қақтығысына жол бермеуіне ерекше мән берілген.
Маман өзінің кәсіби пікірінің объективтілігіне әсер етуі мүмкін «көпқырлы қатынастардан» да аулақ болуы керек. Яғни психолог пен клиент арасындағы кәсіби байланыс жеке, романтикалық, сексуалдық, қаржылық немесе іскерлік сипаттағы қарым-қатынасқа ұласпауы тиіс.