Президент ТРК директорының кеңесшісі болып Ерболат Мұхамеджан тағайындалды

Журналист, бірнеше тележоба авторы Ерболат Мұхамеджан Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені директорының кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz KAZINFORM агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған ақпаратпен мұның алдында ҚР Президентінің ТРК баспасөз қызметі бөліскен болатын.
Ерболат Мұхамеджан – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі тележурналист және продюсер. Әр жылдары республикалық телеарналарда қызмет етіп, аналитикалық бағдарламалардың авторы болды. Медиа саласында оқу жобаларын жүзеге асырды.
Білім беру және мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі бар: Maqsut Narikbayev University-де басшылық қызметтер атқарған, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі жүйесінде жұмыс істеген.
Гонконг пен Лондондағы Bloomberg TV арнасында кәсіби тағылымдамадан өткен, Еуропалық Одақтың Брюссельдегі бағдарламаларына және Оңтүстік Кореяда World Journalists Forum-ға қатысқан.
Қазір медиа жобаларды жасақтаумен және жүзеге асырумен айналысады, сонымен қатар «Уәде» тележобасының авторы.