Полиция Нұрайды өлтірді деп ұсталған күдіктінің жындыханада жатқанын растады
Шымкент қалалық полициясы Нұрай Серікбайды өлтірді деп ұсталған күдіктіден психикалық ауытқуы бары анықталғанын хабарлады, деп жазады Тенгриньюс.
Полиция мәліметінше, сараптама екі рет жүргізілген. Сондықтан ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Емдеу аяқталғаннан кейін ол қайтадан тергеу изоляторына этаппен жеткізіледі.
«Тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты өзара іс-қимылда: үздіксіз байланыста, қабылданып жатқан барлық процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірмелер берілуде, заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат жеткізілуде, сараптамалардың нәтижелері және істің өзге де материалдары түсіндіріліп жатыр. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Көрінеу жалған мәліметтерді таратқандарға қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза бар», – делінген хабарламада.
Шымкентте кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті симуляция жасап, өзін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсетіп жатыр деп есептейді.