Ерекше

Петицияға қойылатын талап күшейеді – заң жобасы Сенатқа жолданды

Мәжіліс отырысында депутат Магеррам Магеррамов петиция жолдау ережелерін нақтылайтын заңға енгізілген түзетулерді таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ӨЗГЕРІСТІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Петицияларға қойылатын талаптарды күшейтетін бұл түзетулер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске енгізілді.

«Қоғам тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін жағдайларды болдырмау үшін петицияға негіз бола алмайтын мәселелер тізбесі нақтыланып, кеңейтіледі. Бұл құқықтық кепілдіктерді күшейтіп, өтініштер платформасын деструктивті мақсатта қолданудың алдын алады», – деді Магеррамов өз баяндамасында.

Тыйым салынатын тақырыптар қатарында – қоғамдық моральға қатысты мәселелер, адамдардың абыройы мен беделін қорғау, амнистия және рақымшылық, сондай-ақ соғысқа, зорлыққа, экстремизмге, сепаратизмге және есірткіге үгіт-насихат мәселесі бар.

Заң жобасы енді бастан-аяқ қаралу үшін Сенатқа жолданды.

МӘН-ЖАЙЫ

Қазақстанда E-petition сайты ресми түрде бір жарым жыл бұрын іске қосылған. Платформа алғашқы күні-ақ азаматтардан түскен өтініштер легіне шыдамай, техникалық ақаулар болған.

Ережеге сай, петиция 50 мың дауыс жинаса, ол міндетті түрде тиісті адресатқа жолдануы тиіс. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынған.

Back to top button