Перизат Қайрат колонияда қандай жұмыс істей алады
Жазасын өтеу мекемесіне түскеннен кейін Перизат Қайратқа сол жерде жұмыс ұсынылады. Осы арқылы ол мемлекетке келтірілген миллиардтаған шығынды өтеуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Tizgin.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.
КОЛОНИЯҒА ӘЛІ ЖЕТКІЗІЛМЕДІ
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбековтің сөзінше, Перизат Қайрат түзеу мекемесіне жеткізілген соң, оның қабілеті мен мекемедегі бос жұмыс орындары ескеріле отырып, жұмыспен қамтылады.
Біз оның қандай жұмысқа жарамды екенін тексереміз. Қандай вакансия бар – соны қараймыз. Егер талаптарға сай келсе, біз оны жұмысқа орналастыруға дайынбыз, – деді Қайырбеков журналистерге берген сұхбатында.
Айтуынша, сотталғандар еңбек еткен жағдайда, кемінде ең төменгі мөлшерде еңбекақы алады.
Жалақы көлемі атқаратын жұмысқа байланысты әртүрлі. Бірақ ең төменгі жалақыны алатыны анық, – деді ол.
Перизат Қайрат қазіргі уақытта түзеу мекемесіне жеткізілген жоқ. Оған дейін ол карантиндік тексерістен өтуі тиіс.
МӘН-ЖАЙЫ
2024 жылдың 24 қыркүйегінде апелляциялық сот алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Бұған дейін, 25 шілде күні, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның анасы – Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды. Сот оның жасына байланысты жеңілдік қарастырған.
Екеуі де Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша кінәлі деп танылды:
190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ – «Аса ірі көлемдегі алаяқтық»;
218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен»;
218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ – «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны аса ірі көлемде заңдастыру».
ҚАНША АДАМ ЖАПА ШЕКТІ
Тергеу мәліметінше, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева мүгедек балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан жапа шеккендерге көмектесеміз деп қайырымдылық көмек жинап, азаматтар мен ұйымдардан 3 миллиард теңгеден астам қаражат алған.
Іс бойынша 50-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылды. Қылмыстық істі Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қараған.
Сотталушылар тағылған айыптарды мойындаған жоқ.