Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңге бөлінген
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттің қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«БАҚЫЛАУДА» БАҚЫЛАМАЙДЫ
Әлихан Смайлыов «БАҚЫЛАУДА» ақпараттық сервисінің мемлекеттік қолдау шаралары үшін цифрлық платформа болу перспективасы екіталай деп есептейді. Сөзінше, оның мәртебесі заңмен бекітілмеген. Кейбір операторлар мен мемлекеттік органдар оған деректерді енгізбейді. Ондағы деректердің анықтығы мен сапасы үшін ешкім жауап бермейді. Сервисте тексерілмеген әрі 2023 жылға дейінгі деректер ғана бар.
“Ең бастысы, оны Қаржы министрлігі әкімшілендіреді. Ұлттық экономика министрлігінің бұған қатысы жоқ. Бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік қолдау жүйесі салдарынан көптеген оператор пайда болды. Мәселен, қарыздарды субсидиялау, экспорттық қаржыландыру, консультация беру, шығындардың бір бөлігін өтеу операторлары және т.б. Операторлардың қызметіне жұмсалатын шығыстарды есептеу бірыңғай емес. Әр оператор өз қызметінің құнын өз қалауынша айқындайды. Іс жүзіндегі еңбек шығындарын есепке алмайды. Операторлар көрсеткен қызметтердің сапасына бағалау жүргізілмейді”, – дейді ол.
Бас аудитордың сөзінше, бұл ретте ведомствоаралық үйлестіру жеткіліксіз болғандықтан, операторлар өз ережелерін орнатқан. Кейбір операторлар өтінімді мақұлдау кезінде кәсіпкерлерден заңнамада көзделмеген құжаттарды талап етеді. Басқа операторлар мемлекеттік қолдауға тең қол жеткізуді және оны берудің ашықтығын қамтамасыз етпейді.
“АТАМЕКЕН” ЖАЙЛЫ
Жоғары аудиторлық палата төрағасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын сынап өтті. «Мен – кәсіпкер» құралы бойынша жекелеген субъектілерге консультация берумен ғана шектелетінін айтты. Кейбіреулерге қосымша көрмелер, бизнес оқыту өткізеді, бизнес-жоспар әзірлеп береді.

“«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» жобасына өтінімдерді қабылдау ресми түрде басталғанға дейін өтінім беру туралы алдын ала хабардар болған адамдарды жіберген. Сондай-ақ түрлі шекті сыйақы мөлшерлемесімен ұқсас қолдау шаралары қатар көрсетілген. Төмен кредиттік рейтингіне қарамастан бірқатар компанияға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Ал көпшілік үшін бұл шектеу сақталған. Жеңілдетілген қаржыландыру шарттарына сәйкес келмейтін жобалар да жиі қолдау алып отырған”, – дейді ол.
ЖОҚ ЗАУЫТТАРҒА КӨМЕК
Бас аудитор мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс екенін айтты. Олар орындалмаған жағдайда қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай міндеттемелер барлық жерде көзделмеген.
“Мысалы, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған. Жекелеген жағдайларда оңай орындалатын қарсы міндеттемелер белгіленген. Мысалы, 37 млрд теңгеге қолдау көрсетілген бір жоба бойынша салықтардың өсуінен бөлек, жұмыскерлер штатын 1 адамға ғана ұлғайту талап етілген. Қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау көбіне қолмен жүргізіледі. Бұл қарсы міндеттемелерді орындау бойынша деректерді манипуляциялауға мүмкіндік береді”, – дейді ол.
Смайылов операторлардың көпшілігінің қызметінде міндеттемелерді сақтамағаны үшін айыппұл санкцияларын қолдануда субъективті көзқарас басым деп санайды.