Патриотизм мен ультраұлтшылдықтың бірігу үрдісі алаңдатады – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде әлемде күшейіп келе жатқан теріс құбылыстарға тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Президенттің айтуынша, алдыңғы съезден бері әлемде саясаткерлер мен сарапшылар «өркениет дағдарысы» деп атаған аса теріс үрдістер белең алды.
«Киплиң айтқандай, батыс — батыс, шығыс — шығыс, олар ешқашан тоғыспайды. Кейінгі кезде бірқатар ірі мемлекеттердегі оқиғаларға қарап, мұндай тұжырым қисынды көрінуі мүмкін. Дегенмен саяси факторларды, яғни билік жүргізіп отырған элиталардың мемлекеттік құрылысты жүзеге асыру тәжірибесін де ескермеуге болмайды», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы кейбір елдердің саясаты әрдайым бейбіт даму, мәдениеттер, діндер мен дүниетанымдардың өзара ықпалдастығы тұрғысынан ұтымды әрі сындарлы болмайтынын атап өтті.
«Патриотизм мен ультраұлтшылдықтың іс жүзінде бірігу үрдісі күшейіп келе жатқаны үлкен алаңдаушылық тудырады. Ұғымдардың осылайша ауысуы ең алдымен жастарды адастырады. Сонымен қатар, біз бірқатар елдерде оңшыл-консервативтік және либералдық идеологиялардың қақтығысу үрдісіне куә болып отырмыз. Бұл саяси дестабилизацияға апарып соқты», – деп баса айтты ол.
Қазақстанда мұндай жаһандық мәселелерге ерекше көңіл бөлінетінін айтқан Тоқаев этносаралық, дінаралық және ұлтаралық төзімділік пен өзара құрмет саясатын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
«Осындай саясатты, яғни сан алуандықтағы бірлікті бұзуға немесе қаралауға бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейді. Оның ішінде елімізде тұратын халықтардың тілдерін мемлекеттік қызмет пен қоғамдық орындарда еркін қолдануына кепілдік беріледі. Мұндай әрекеттердің бәрі заң мен тәртіп тұжырымдамасына сәйкес тиісті құқықтық бағаға ие болады», – деді Президент.