ЕрекшеСараптама

Пәрменсіз бәрі – дәрменсіз. Аналардың жанайқайы шенділердің кемшілігін тағы көрсетті

10 қараша күні әскерде қаза тапқан және жараланған сарбаздардың аналары Астанада наразылық акциясын өткізді. Министрліктер үйінің алдында өткен бұл акция – әскери жүйедегі әділетсіздіктер мен үнсіздіктің шегіне жеткен тағы бір көрінісіне айналды. Аналар өлімге апарып, мүгедектікті душар ететін армиядағы жайттарды ашық тергеуді, істерге қоғамдық бақылау жасап, тіпті әр казарма мен асханаға дейін бейнебақылау камераларын қоюды талап етті. Сол күні кешқұрым президенттің өзі бұл іске байланысты прокурорларға пәрмен берді.

 АНАЛАРДЫҢ ЗАРЫ

10 қарашада барша жұртшылықтың назары Астанадағы аналардың наразылығына ауған. Аналардың ащы зары көрсетілген, желіге кезек-кезек тараған акцияның видеоларына лайк басып, пікір қалдырғандарда сан жоқ. Себебі де белгілі: қоғам армияда тәртіп орнатуды баяғыдан талап етіп келеді. Бірақ өкінішке қарай, армиядағы бір сарбаздың өлімінен кейін топырағы суымай жатып, екінші қайғылы оқиға жайлы қаралы хабар тарайды. Өкініштісі, сол жайттардың тергелуі де көп сұрақ туындатады. Туғанынан айырылған қаралы отбасылар әділдікті талап етіп, үндеу жасайды, президенттен көмек сұрайды.

Әскери колледжде оқып жүргенде бас сүйегінің жартысынан айырылып, көзі көрмей, денесі сал болып қалған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова 10 қарашадағы наразылықта аналардың жиналып, қол қойған хатын оқып берді. Оның сөзінше, жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, немқұрайлықтың, әлімжеттіктің құрбанынан айналып жатыр.

«Біз ата-аналар, сарбаз өлімін тоқтату үшін әр іске белсенді араласуға дайынбыз. Негізгі талаптарымыз: әскери істердің әділ және ашық тергелуін талап етеміз! Сарбаздардың бәрінің басынан өткен жағдай, жаралануы, қаза болуы әділетті түрде тергелсін! Бұлар әскери қылмыстардың бәрін жасырып жатыр. Статистиканы біз білмейміз, бүкіл ақпарат жария етілсін! Казармада, асхана мен оқу залына «Сергек» камералары орнатылсын! Ата-аналар, қоғам өкілдері тергеу барысына тікелей атсалыссын! Кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етеміз! Өткен істер қайта қаралсын! Күмәнді істер бойынша сараптамалар мен медициналық куәландырулар, бейнематериалдар қайта зерттелсін! Тергеу қоғамдық бақылау мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілсін! Тәуелсіз комиссия құрылсын! Комиссия құрамына журналистер, ата-аналар мен қоғам өкілдері кірсін!» – деді ашынған Гүлмира Мұқажанова.

Үш жыл бұрын жараланған ұлын Гүлмира Мұқажанова шетелге емдетуге жіберу үшін сергелдеңге түскен. Ол әскери колледж өкілдерінің «Ұлан өзін атқан» деген сөзіне сенбейді. Тергеу орындары «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қозғаған қылмыстық іс содан бері бірнеше рет тоқтап, қайта жанданғанымен әзірге еш нәтиже бермеген. 2021 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Ақмола облысы Щучинск қаласындағы әскери колледжге оқуға түскен. 2022 жылы жазда емтиханын тапсырып, бір ай демалыста үйде болған. Ал оқуына қайта кеткеннен кейін бірнеше күн өткенде отбасына Ұлан жайлы жайсыз хабар жеткен.

Ұланның ағасы Берік Сембаев ешқандай адам заң аясында жауапқа тартылған жоқ дейді.

Улан Мусаев (Фото: Азаттық)

«Үш жылдан бері төсек тартып жатыр. Министрліктен еміне ештеңе бөлінген жоқ. Бала «өзін-өзі атып алды» дейді. Олай болуы мүмкін емес. Қылмыстық іс басталады да тоқтап қалады. Үш жыл болды. Бауырымда ешқандай үкімет тарапынан көмек жоқ», – дейді Берік Сембаев.

Атыраудан Астанаға келген Айна Есбергенова марқұм ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққан соң қаза болғанын айтады. Ұлы 2023 жылы қарашада өз еркімен әскерге кеткен. 2024 жылы 9 сәуірде «балаңыз жүрек ауруынан қайтыс болды» деген қаралы хабар жеткен.

«Барсам баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Соққы іздері болды. Үйге әкеліп жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алса екен деп әділдік іздеп отырған анамын», – дейді ол.

Полиция өкілдері наразылыққа шыққан бірнеше рет келіп, әйелдерге тәртіп сақталуы керектігін ескертті. Олар тек бақылап тұрды. Аналарды қолдауға қарапайым азаматтар да келген. Соның бірі – мойнына «Реформа талап етеміз» деп плакат таққан Кәмшат Хаденова . Ол аналармен бірге жауапты басшылардың көптің шығуын талап етті.

«Журналистерсіз тізімдегі 8 ананы ғана кіргіземіз деп отыр. Аналардың кірерде телефонын алып қалмақ. Осында шық десек шықпай отыр. Орынбасары келді. Бірақ генералдың өзі шықпады. Біз әскердегі заңсыздыққа қарсымыз! Балаларымыз өлмесін дейміз! Ана ретінде мен қолдауға келіп отырмын», – дейді Кәмшат Хаденова.

Көп өтпей аналардың алдына Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов пен Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев шықты. Үмбетов арыз-шағымдар мен қосымша талаптардың бәрі де қабылданып жатқанын айтты. «Тоғыз адам арыз жазғансыздар. Тізімнен тыс адамдардың да арызын қабылдаймыз. Кіріңіздер, бәрін тыңдаймыз» деді Қайрат Үмбетов.

Министрліктер үйі алдында шенділердің аналармен диалогы болған жоқ. Аналар сұрақ қойғанда Үмбетов «регламент» деумен болды. Мұнысы істерді тергеу Қорғаныс министрлігінің міндетіне жатпайды дегені. Аналардың кейбірі осыдан кейін министрліктер үйіне кірді.

ПОЛИЦИЯ АЛЫП КЕТКЕН

Кешқұрым Орда.кз басылымы Астанадағы наразылықтан кейін аналарды жасырын түрде полиция алып кеткенін жазды. Күні бойы БАҚ өкілдері қасында тұрған соң полицейлер сәт сағатын күтсе керек. Журналистер кеткен соң алты әйелді Байқоңыр аудандық полиция басқармасына әкеткен. Дәлел ретінде басылым әскери колледжде жараланған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанованың видеосын жариялады.

Полиция мынадай ақпарат таратты:

«10 қарашада Астанада азаматтар Азаматтарды қабылдау орталығының маңында рұқсат етілмеген акция ұйымдастырды. Қатысушыларға бірнеше рет заңнама талаптары түсіндіріліп, прокуратура өкілдері мен полиция қызметкерлері тарапынан бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін бұзуға жол берілмейтіні туралы ресми ескертулер жасалды. Алайда бұл ескертулерге қатысушылар мән бермеді. Осыған байланысты заңда көзделген шаралар қолданылды. Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына қатысы жоқ, арандатушылық мақсатпен келген бірқатар азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп дүйсенбі күні КазТАГ редакциясының сұрауына Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап берді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «акцияға қатысқан, қаза тапқан және зардап шеккен сарбаздардың аналарына профилактикалық түсіндіру әңгімесі жүргізіліп, оларға заң нормалары түсіндірілген. Кейін олар үйлеріне жіберілген».

Шын мәнінде, аналарды полицияға сүйреп апару үшін көп ақылдың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдардың коммуникация жағынан жиі сүрінетін тұсы да – осы. Азаматтық үнді түсініп, бейбіт диалог орнатуға шамасы жетпейтін мемлекеттік аппараттың дәрменсіздігі осындайда көрінеді. 

АҚЫРЫ ТОҚАЕВ АРАЛАСТЫ

Осы ақпарат жағдайдан хабардар жұртшылықты алаңдатып қойған. Алайда кешке қарай тағы бір жаңалық шықты. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырғанын хабарлады. Бұл жаңалық бір үміт сыйлағанымен, ізінше көкейде еріксіз кезекті сұрақ туындайды: неліктен әр мәселені шешу үшін міндетті түрде Тоқаевтың өзі араласуы керек?

Қорғаныс министрлігі сарбаздардың амандығына жауап бере алмаса, Бас прокуратура әділ тергеу жүргізе алмаса, онда бұл жүйеде жауапкершілік деген ұғым бар ма?Бұл оқиға аналардың жанайқайын ғана емес, шенділердің халықпен байланысындағы дағдарысты тағы ашып көрсетіп берді. 

Back to top button