Парламенттік реформа қалай жүріп жатыр: Тоқаев Қаринді қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берді. Мәселен, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінің «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр.
“Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында бір палаталы Парламентті қалыптастыру және оның заңнамалық функцияларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. 9 қаңтарға жоспарланған Жұмыс тобының кезекті жиынында қалған бағыттар бойынша ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралады. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Президентке Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциялары бойынша желтоқсан айында өткен отырыстың қорытындылары және Құрылтайдың алдағы бесінші басқосуына дайындық барысы туралы баяндады”, – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті реформалау саяси жүйені трансформациялау үдерісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанына назар аударған. Сондай-ақ барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
ЕРЛАН ҚАРИНМЕН СҰХБАТ
Былтыр бірнеше журналист Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен Ақордада кездесіп, әңгіме өрбіткен еді. Тақырып – Парламенттік реформа. Жұртшылықта «Сенат тарайды, бір палаталы Парламент болады, онда бірмандатты депутаттар болмайды» деген жалпы түсінік бар. Бірақ ол реформаның бәрі қалай іске асатыны, Конституцияның 40-қа жуық бабын не үшін өзгерткелі жатқаны жайында сауал көп. Мемлекеттік кеңесші – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төрағасына Tizgin.kz порталы да сұрақ қойған болатын.