Отбасы ойрандалып, адамдар несиеге батып жатыр: Қазақстанда коучтарға бақылауды күшейту талап етілді

Сенат депутаты Амангелді Есбай психологиялық көмек саласында кәсіби білімі мен біліктілігі жоқ адамдардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Оның айтуынша, өздерін «психолог» немесе «коуч» деп таныстыратындар азаматтарға күмәнді кеңес беріп, олардың өміріне кері әсер етіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
“СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЙТЫНДАР АЛАҢДАТАДЫ”
Оның айтуынша, мұндай жағдай аталған саланың заңнамалық және кәсіби тұрғыда реттелмеуінен қалыптасты.
«Көпшілік осы сияқты адамдардың жеке және отбасылық өмірге араласатынын, құпия ақпаратты жария ететінін және кеңес алған соң эмоционалдық жағдайы нашарлайтындарын айтып шағымдануда. Қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, соңында қатысушыларға сертификат таратып жүрген топтардың әрекеті алаңдатады. Олардың ұсынған тәсілдері ғылыми негізден алшақ. Тіпті кейбірі діни ұғымдарды бұрмалап түсіндіріп, ерлі-зайыптылар арасында түсінбеушілік туындатады», — деді сенатор өз депутаттық сауалында.
Амангелді Есбай «коучтар» ұстанатын әдістердің ғылыми негізден алшақ, олардың қоғамға зиян тигізіп отырғанын атап өтті.
«“Бизнес бастайсың”, “қаржылай еркіндікке жетесің”, “санаңа серпіліс келген соң, миллионер боласың” деген ұрандарды алға тартқан жалған коучтар адамдарды несие алуға итермелейді. Соның салдарынан көптеген адам қарызға батып, қаржылық дағдарысқа ұшырайды. Бұл олардың жеке және отбасылық өміріне теріс әсер етеді. Қазақстанда жеке практикамен айналысатын психологтар мен коучтардың нақты саны белгісіз, өйткені бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ», — деді ол.
ДЕПУТАТ ҰСЫНЫСЫ
Сенатордың айтуынша, бүгінде «психолог» немесе «коуч» атауын қысқа мерзімді курстан өткен кез келген адам еркін қолдана алады. Ал клиент құпиясын бұзу, моральдық зиян келтіру немесе эмоционалды манипуляция жасау секілді әрекеттерге қатысты жауапкершілік тетігі мүлде қарастырылмаған.
«Заң жүзінде лицензиялау мен кәсіби тіркеу жүйесін енгізу қажет. Психологтар мен коучтардың бірыңғай ұлттық тізілімін құрып, этикалық кодекс пен құпиялылықты сақтау талаптарын заңмен бекіту керек. Сондай-ақ клиенттің жеке мәліметтерін жария еткені үшін заңды жауапкершілік орнату қажет. Бұдан бөлек, жеке психологтар мен коучтарды табысын декларациялап, салықтық есеп жүргізуге міндеттеу керек», — деп ұсынды депутат.