Жаңалықтар

Отбасы банктің 2-5% ипотекасын қалай алуға болады

«Отбасы банк» 2-5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша өтінім қабылдауды бастады. Бағдарлама аясында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға пәтер ұсынылады.

КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ

Жеңілдетілген ипотека – мемлекеттік қолдау шарасы. Мөлшерлеме 2% немесе 5% болса, бастапқы жарнаға пәтер бағасының кемінде 10 пайызын салу қажет. Несие мерзімі – 20 жыл.

Бағдарламаға қатысудың 2 шарты бар:
– тұрғын үй кезегінде тіркелу;
– әлеуметтік осал санатқа жату.

2% мөлшерлеме тек белгілі бір топтарға арналған. Атап айтқанда:
– ҰОС және жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері;
– мүгедектігі бар азаматтар;
– жетім балалар;
– көпбалалы отбасылар;
– мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
– жесірлер.

Ал 5% ипотекаға әлеуметтік осал топтардың барлық 12 санаты қатыса алады. Олардың қатарында толық емес отбасылар, созылмалы ауруы бар азаматтар, қандастар және төтенше жағдайдан зардап шеккендер бар.

ҚАЛАЙ ӨТІНІШ БЕРЕДІ

Өтінім «Отбасы банк» арқылы қабылданады:
– сайтта онлайн;
– мобильді қосымшада;
– банк бөлімшелерінде.

Маңызды шарт – қатысушының депозитінде тұрғын үй құнының кемінде 10%-ы жиналуы тиіс.

ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

Бағдарлама аясында бірқатар өңірде дайын тұрғын үйлер ұсынылып отыр. Пәтерлердің бағасы мен үлестіру мерзімі әр нысанға байланысты өзгереді.

Қостанай
Береке ықшамауданы, 31-үй
Пәтер саны: 60
Бағасы: 253 606 теңге/шаршы метр.

Бұл нысан бойынша өтінімдер 1-9 сәуір аралығында қабылданады. Қатысушыларды іріктеу 10 сәуірге дейін жүргізіледі.

Петропавл
Қалада бірнеше тұрғын үй нысаны бар:
– Жұмабаев көшесі, 282: 126 пәтер, бағасы – 180 мың теңге/ш.м. Үлестіру 10 сәуірге жоспарланған;
– Крепостная көшесі, 141: 72 пәтер;
– Бескөл ауылы, Дорожная көшесі, 8в: 50 пәтер.
Соңғы екі нысандағы пәтерлердің бағасы – 230 мың теңге/ш.м.

Тараз
Пәтерлер Шапағат және Ұлы Дала ықшам аудандарында ұсынылады.
Бағасы – 160 мыңнан 226 110 теңгеге дейін/ш.м.
Үлестіру мерзімі – 14 және 20 сәуір.

Аягөз
Қабанбай батыр көшесі, 5/4: 59 пәтер.
Бағасы – 220 мың теңге/ш.м.
Үлестіру – 16 сәуір.

Жаркент
Серғазы Беспаев көшесі, 78/1 және 78/2: 120 пәтер.
Бағасы – 261 850 теңге/ш.м.
Үлестіру – 13 сәуір.

Ал Алматы мен Астана қалаларында бұл бағдарлама бойынша әзірге дайын тұрғын үйлер жоқ. Қазіргі уақытта пәтерлерді дайындау мәселесі жергілікті әкімдіктердің қарауында.

Бұған дейін Отбасы банк кезекте тұрған азаматтарға үй наурыздан бастап жаңаша үлестірілетінін жария еткен.

 

 

Back to top button