Қорғаныс министрлігі Отарда жағы сынған сарбаздың денсаулығына қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрліктің мәліметінше, сарбаз Есбол Қапардың жағдайы жақсарып келеді. Қазір ол Алматы қаласындағы қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.
“Оқиға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында орын алып, оның салдарынан сарбаздың бірінің төменгі жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен сарбаз дер кезінде ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жауынгерлің денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің ұдайы бақылауында. Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың жағдайы жақсы”, – делінген хабардамада.
Түскен сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланған.
“Госпитальге жатқызылған сарбазды емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр. Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналарды алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру сабақтарынан өтуде. Алдағы уақытқа гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтетін болады, – деді Владислав Мусатов.
Дәрігердің айтуынша, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
27 қаңтар күні аталған дерек бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы тарапынан қылмыстық іс қозғалған болатын. Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Барлық қатысы бар адамдардың, оған қоса оқиғаның жай-жапсарын жоғары қолбасшылыққа уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға беріледі дейді министрлік.
Тергеу шаралары кезеңінде бірқатар лауазымды адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілген. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдай Қарулы күштер басшылығының жіті бақылауына алынған.