
Абайтанушы, философ қоғамда қызу талқыланған тоқал тақырыбы жайлы пікір білдіріп, оны «былжырақ әңгіме» деп атады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Тоқал жайлы әңгіме – былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, – бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң – ұрпағың көп болады», – деп жазды ол желіде.
Абайтанушының айтуынша, бұрын тоқал алу – қажеттілік болған, қазір – нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді – мақтан.
«Бұрын мен осы мәселені көп көтердім. Айттым. Айтқан нәрсе міндетті түрде жүзеге асады екен. Ұрпақ дедік. Негізгі ұранымыз осы болды. Бірақ берекені ойламадық. Ойлауға шамамыз да болмады. Басы қатты нәпсімізді тоқтата алмадық. Қайратымыз жетпеді. «Ертең би боласың, сонда бұл мәселе алдыңнан шығады» деп, елдіктің жолында ғашығынан бас тарттырып, Тәттімбетті тоқтатқан Қазанғаптай дана би алдымызда болмады. Үлгісіздіктің көкесін көрсеттік. “Өзім білемін” дедім. Ешкімді тыңдамадым. Айтса, ұқпадым», – дейді ол.
Омар Жәлел әлі күнге дейін біраз жігіттер “Сіздің осы әңгімеңіз ұнайды” дейтінін айтады.
«Нәпсілеріне ұнап тұрғанымен шаруасы жоқ. Қызба бастар көргісі келеді. Артын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оларға бұл – қызық. Шыжығын ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал мен, “тоқал алмаңдар” деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар- ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Үйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын.Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын. Мен – өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті», – дейді абайтанушы.
Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Он тоғызыншы ғасырдың идеясы қазір өтпейді.
«Мен осыны айтайын деп едім. Мен осыны айтуға тиіс едім. Бұны менің айтуға хақым бар. Өйткені бұл “қызықты” молынан басымнан өткердім. Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, “апанға түспеңдер!” деп айқаласам, менің не кінәм бар?!» – дейді ол.
Еске сала кетейік, депутат Абзал Құспан «тоқал алуды заңдастыру керек» деп пікір білдіргеннен кейін қоғамда осы тақырып қызу талқыланған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram