Ерекше

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды

Белгілі қазақстандық ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ресми түрде ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-ке сілтеме жасап.

СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ ТАРИХИ ӘРІ САЯСИ РӨЛІ

Мұның алдында бұл туралы ақпаратпен «Байтақ» жасылдар партиясының баспасөз қызметі өкілдері бөлісті.

«Бүгін Алматыда өткен «Байтақ» жасылдар партиясы қалалық филиалының V конференциясында тарихи әрі маңызды шешім қабылданды. Партия төрағасы Азаматxан Әміртаев көрнекті қазақ жазушысы, қоғам қайраткері және «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынғанын жариялады», – делінген хабарламада.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бастама тек Қазақстандағы емес, әлемдегі бейбітшілік жолында аянбай еңбек еткен тұлғаның еңбегін жоғары деңгейде мойындау.

«Олжас Сүлейменовтің тарихи рөлі, әсіресе «Невада-Семей» қозғалысы аясындағы еңбегі Семей ядролық сынақ алаңы жабылуындағы шешуші фактор болды. Бұған қоса, оның бастамасы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді жұмысы нәтижесінде АҚШ-тың Невада штатын қоса алғанда, әлемнің бірнеше елінде төрт бірдей ірі ядролық полигонның жабылды. Бұл – жаһандық қауіпсіздікке қосылған ұлы үлес», – деп атап өтті партия мүшелері.

ТӨРАҒАНЫҢ ОЙЫ ҚАНДАЙ

Азаматxан Әміртаевтың айтуынша, Олжас Сүлейменов қазақ халқының рухани тірегі ғана емес, бейбітшілік үнін әлемге жеткізген қайталанбас тұлға. Сондықтан оның Нобель сыйлығына ұсынылуы – тарихи әділеттіліктің көрінісі.

Партия өкілдері бұл бастама Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, мемлекеттің бейбітшілік сүйгіш саясатын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, 2025 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Венесуэла саясаткері Мария Корина Мачадо иеленді. Нобель комитетінің сайтында көрсетілгендей, ол бұл марапатқа «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын ілгерілету жолындағы тынымсыз еңбегі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өтуді қамтамасыз ету үшін жүргізген күресі» үшін лайық деп танылған.

Back to top button