Олимпиаданың қола жүлдегері Дәулет Шабанбай сотталып кетті

Белгілі спортшы кәсіби мансабын бес жыл бұрын аяқтап, Олимпиадалық резервті даярлау орталығында спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеген, деп хабарлайды Tizgin.kz @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
СПОРТШЫҒА ТАҒЫЛҒАН АЙЫП
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері айыпталушы ретінде сотқа қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Шабанбай бұл медальға 2022 жылы жарыстың екі жүлдегері допинг қолданғаны үшін шеттетілген соң ие болған. Ол сондай-ақ Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014) және 2014 жылы Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алған. Белгілі спортшы кәсіби мансабын бес жыл бұрын аяқтап, Олимпиадалық резервті даярлау орталығында спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеп жүрді.
Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы “Екi немесе одан көп адамға қатысты жасалған билік өкілін қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері” бойынша айып тағылды.
Сот барысында оқиғаның мән-жайы белгілі болды. 17 қыркүйек күні кешкі сағат 21:30 шамасында ҚР Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінің үш қатардағы жауынгері автовокзал маңында патрульде жүрген. Олар аталған аумақта ірі денелі, мас күйдегі белгісіз ер адамның қоғамдық тәртіпті бұзып жүргені жөнінде хабарлама алған. Кафелердің бірінің жанынан сипаттамаға сәйкес келетін адамды байқап, оның Дәулет Шабанбай екенін анықтаған.
САРБАЗДАРДЫ ТӨБЕЛЕСКЕ ШАҚЫРҒАН
Патруль тобының басшысы одан жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетіп, полиция пунктіне бірге баруын сұраған. Алайда ол жауап ретінде бейәдеп сөздер айтып, қарсылық көрсеткен. Әскери қызметкер оны сабырға шақырмақ болғанымен, Дәулет Шабанбай алдымен иығынан аяғымен тепкен, кейін жұдырықпен бетінен ұрған. Екінші сарбаз да бетінен соққы алған. Бұдан кейін Шабанбай үстіндегі киімін шешіп, сарбаздарды төбелеске шақырған. Осы сәтте топ басшысы рация арқылы көмек сұраған.
Үш сарбаз зорға дегенде спортшыны жерге жатқызып, қолына кісен салған. Ұстау кезінде Дәулет Шабанбайдың қалтасынан жиналмалы пышақ түсіп қалған. Көп ұзамай қосымша әскери жасақтар мен полиция қызметкерлері де жеткен. Айыпталушы алдымен уақытша бейімдеу және детоксикация бөліміне жеткізіліп, онда оның алкогольдік масаң күйінің орташа деңгейі анықталған. 18 қыркүйектен бастап ол қамауда отыр.
СОТ ШЕШІМІ
Сотта спортшы өз кінәсін толық мойындап, жауап беруден бас тартты. Жәбірленушілерден кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтінген. Алайда сот оны қоғамнан оқшаулау қажет деп тапты.
Судья Айгүл Ахметованың айтуынша, қылмыс жасалған сәтте Дәулет Шабанбайдың екі өтелмеген әкімшілік жазасы болған: ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») және 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу») бойынша.
Сот оның ел алдындағы спорттық еңбегін, кәмелетке толмаған екі баласының барын, олардың біреуінің мүгедектігін ескере отырып, ең төменгі жаза мерзімін белгілеген.
Нәтижесінде Дәулет Шабанбайға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу үшін үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.