Өзін актер санайтын іні-қарындастар Нұрлан ағамен қоштасуға келмеді – Бекжан Тұрыс

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс марқұм болған актер Нұрлан Сегізбаевпен қоштасуға жас актерлердің келмегені көңілге мұң ұялатқанын айтады, деп жазады Tizgin.kz.
Бекжан Тұрыс “Менің атым Қожа” фильміндегі Қожа ролін сомдаған Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев дүниеден өтті дегенді естігенде балалықтың бір бөлшегі үнсіз ғана мәңгілікке көшіп бара жатқандай әсер еткені жазады. Сөйте тұра ол біздің жүрегімізде Қожа бейнесімен өмір сүре береді дейді ол.
““Менің атым Қожа” жай кино емес, ол – біздің балалығымыз. Ал сол балалыққа жан бітірген Нұрлан аға еді. Біз ол кісіні көргенде ауылдың иісі сезіліп, мектеп қоңырауының сыңғыры еске түсетін. Анамыздың ұрсатыны, мұғалімімізді ренжітетініміз, бала күнгі ұялшақ армандарымыз – бәрі Қожа арқылы санамызда жаңғырады. Қожадағы аңғалдық, тазалық, тентектік бәрімізден табылды. Қиялдадық, армандадық. Қожа болып Жанарларды ұнаттық, Жантастарды жаратпадық . Нұрлан ағаның Қожасы осы кино арқылы халық жадынан өшпейтін бейнеге айналды”, – дейді ол.
Актердің екінші ғұмыры басталды. Бекжан Тұрыс қатерлі дерт иектеген соң ұзаққа бармайтынын сезгендей Нұрлан Сегізбаев өз өсиетін айтып кеткенін есіне алды.
“Құдай-шебер ғой бір адамды сан қырлы талант иесі етіп жаратады. Оның жазушылығын қазақтілді аудитория онша біле бермейді екенбіз. Нұрлан аға – орыс тілінде жарық көрген бірнеше кітаптың авторы. Ағаны өсиеті бойынша Жазушылар одағынан шығарды. Тура бүгін – халықаралық кино күні жамбасы жерге тиді, “Кеңсай-1”-ге, анасының қасына жерленді…”, – дейді ол.
Ұлт жүрегінен орын алған сүйікті Қожа-Нұрланмен қоштасу қай жерде өтетіні жан-жақты хабарланса, қалың қазақ жиналар еді дейді Бекжан Тұрысн.
“Жасырып қайтем, әншейінде киноларға, сериалдарға түсіп жататын, өзін актер санайтын іні-қарындастардың мұндайда қарасы көрінбегені жүректі мұздатты, жанды жаралады, көңілге мұң ұялатты. Нұрлан аға енді біздің естелігімізде өзіне ғана жарасатын әдемі күлкісі мен жүректен шыққан шынайы бейнесі арқылы жасай береді. Қош, аға! Тәніңіз азаптан құтылды, жаныңыз жұмақтан орын алғай!” – дейді Бекжан Тұрыс.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург, «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлді сомдаған Нұрлан Сегізбаев 74 жасында дүние салды.