БілімЕрекше

Өз басым түсінген жоқпын – Аймағамбетов пәндерді біріктіріп оқытуға қарсы пікір айтты

Қазақстан мектептерінде пәндерді біріктіру немесе кіріктіріп оқыту жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізіле бастады. Бұл бастама қоғамда түрлі пікір тудырғаны белгілі. Осыған орай Tizgin.kz тілшісі депутат Асхат Аймағамбетовтен көзқарасын сұрады.

«Бұл ұсыныс алғаш көтерілгеніне 10-20 жыл болды. Оны бірнеше рет қолға алуға тырысқан. Бірақ дайындық болмағандықтан, толық жүзеге аспады. Әрине, түрлі идея айтуға болады. Бірақ сол идеяны іске асыратын әдістеме, мамандар бар ма? Егер біз пәндерді біріктіріп оқытатын болсақ, оған қаншалықты дайынбыз? Ең алдымен мұғалімдердің дайындығы маңызды», – деді депутат.

Аймағамбетов мысал ретінде 2019 жылы енгізілген «Кәсіпкерлік» пәнін келтірді. Оның бағдарламасы мен оқулығы дайындалып, курстар өткізілгенімен, басты мәселе пәнді жүргізетін мұғалімдердің құзыретінде болғанын атап өтті.

«Біз бәрін дайындадық, курстар өткіздік. Бірақ проблема неде болды? Ол пәнді кім жүргізеді? Міне, біз бәрін дайындағанмен, екі-үш айлық курстарды өткізгенмен, беретін мұғалімдердің құзіреттілігі маңызды болды. Ол мұғалімдер жаңағы пәнді бере ала ма, жоқ па.. Жаңа біріктірілген, кіріктірілген пәндерде де осы мәселе туындайды. Егер оған біз атүсті кіріссек, ол – екінші мәселе. Өз басым бұл жобаны толығымен түсінген жоқпын. Егер қолдасам, осыдан бірнеше жыл бұрын бағдарламаларды ұсынғанда енгізер едім. Қазір дайынбыз ба, жоқ па – ашық сұрақ», – деді депутат.

Депутаттың пікірінше, мәселе идеяның өзінде емес, дайындықта жатыр.

«Білім саласында дайын рецепт жоқ. Егер ондай болса, Финляндияның немесе Гонконгтың білім беру жүйесін Қазақстанға бірден әкелер едік. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар. Сондықтан шетелдің тәжірибесін алғанда ең алдымен өзіміздің жағдайымызды, ресурстарымызды, мұғалімдеріміздің дайындығын ескеру қажет», – деді Аймағамбетов.

Депутат пилоттық жоба нәтижесі шыққан соң ғана түпкілікті шешім қабылдау қажет екенін жеткізді. Егер тиімділігі дәлелденсе, ол әрі қарай енгізіледі, ал нәтиже теріс болса, басқа мектептерге таратылмайды.

Back to top button