
Шымкентте кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желілерге қарындасы жайлы тараған видеоларға түсініктеме берді. Ағасы бұл видеолар өздерінде бұрыннан болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Tizginkz.
“Бірінші видео – алып қашқан кездегі видео. Алып қашқан кезде қара әрі басқа маркалы көлікпен шыққан болатын. Нұрай үй киімімен кеткен. Мұнда ақ түсті әрі басқа маркалы көлік, киімі де басқаша. Нұрай ол жерде бір өзі болған, қалғандары сырт жақтың адамдары. Күліп тұрған – Нұрай емес, алдында отырған басқа бір кісі. Ең соңында қарсыласып, орамалын шешпек болған. Нұрайдың қаламағаны көрініп тұр. Бұл жерде Нұрайдың үлкендерді сыйлайтыны әрі 50 адамның қысастығы әсер етті деп ойлаймын”, – дейді Сұлтан Серікбай.
Оның айтуынша, Нұрайдың полиция бөлімшесіндегі видеосында қарындасының түрі шаршаңқы екені көрініп тұр.
“Ол жерде Нұрай моральдық әрі физикалық тұрғыда өз деңгейінде емес. Барынша қысым көрсетіп, манипуляциямен видеоға түсірген. Нұрайдан басқа ол бөлмеде бірнеше ер адам болған. Бізді кіргізбеген. Сол үшін барынша басынған”, – дейді ол.
Нұрайдың ағасы сөз соңында осы видеолар турасында өзінің пікірін айтты.
“Біріншіден, бұл видеоның бар екенін менің өзім де айтып өткенмін. Нұрайды бір бұрышқа қойып, қорқытып видеоға түсірткені жүрегімізге ауыр тиді. Бұл бойынша жауапкершілік болуы керек. Себебі бұл – тергеу материалдары, оны жария етуге болмайды. Әйтпесе бізде материалдар өте көп. Себебі ол материалдар тергеу процесіне әсерін тигізеді. Біз тергеу органдарына сенеміз. Соттың әділ өтетітіне сеніп, барынша күш саламыз. Іске моральдық тұрғыда дұрыс қарауға шақырамыз”, – дейді Сұлтан Серікбай.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.
Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.