Ерекше

Нұрайдың өлімі: жәбірленуші тараптың адвокаты шағым түсірді

Тергеу барысында ұсынылуы тиіс дәлелі бар бейнежазба таралған көрінеді. Онда қыз күдіктіге ешқандай кінә артып отырмағандығын айтқан, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ТЕРГЕУ ҚҰПИЯСЫ БҰЗЫЛДЫ МА

Шымкентте ажал құшқан Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты полицияда берген жауабы түсірілген бейнежазба таралуына байланысты шағым түсірді. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

Аталған видеоны құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкер жариялаған. Кадрларда қыздың күдіктіге қатысты шағымы жоқ екенін айтқаны көрінеді. Жәбірленуші тарап адвокаты Сержан Нұрпейісов бұрынғы тәртіп сақшысына істегі құпия материалдарды таратқаны үшін ресми шағым жолдаған.

Бұл жаңалық біз үшін күтпеген жағдай болды деп айта алмаймыз. Біздің ойымызша, аталған видео – тергеу барысында ұсынылуы тиіс дәлелдеме және ресми тергеу аяқталғанша жария етілмеуі керек. Мұнда тергеу құпиясы өрескел бұзылған. Мұндай әрекеттер үшін заңда тиісті шаралар, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Біз шағым түсірдік, енді оған құқықтық баға беріледі, – деді Нұрпейісов.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, видеоны жариялау қызды ұрлау фактісінің мән-маңызын көлегегейлеп, қоғамды шатастырады.

«Сталкинг» деген ұғым бар. Күдікті қызды жүйелі түрде аңдып, қудалаған, сол себепті ол ішкі істер органдарына бірнеше рет арызданған. Алайда бұл жайт әдейі айтылмай отыр. Ол тек қызды ұрлау фактісін алға тартып, сталкинг мәселесін мүлде қозғамайды, – дейді халық қалаулысы.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.

Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Back to top button