«Несие төлей алмай отырмыз»: «Отбасы банктегі» ақау тұрғындарға қалай әсер етіп жатыр
Қызметтердегі техникалық ақау «Отбасы банктің» қаржылық операцияларын тұралатып тастады. Жыл басынан бері «Баспана маркет» маркетплейсі, мобильді қосымша және банк бөлімшелеріндегі бірқатар қызмет қолжетімсіз болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
БАНК ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ
Ай сайынғы төлем жасай алмай отырғандарға қайтпек керек? «Отбасы банк» баспасөз қызметі мәліметінше, осы күндері банктік сервистерде техникалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Айталық, 31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында қаржы жылы жабылды. Ал 3 қаңтар күні түнгі сағат 03:00-де Астанадағы негізгі деректерді өңдеу орталығы қуаттарын көшіру жұмыстары басталыпты. Қызметті қалпына келтіру сенбі күні таңға жуық қолға алынған. Мұндай әрекет жұмыс тоқтап қалуын болдырмау үшін жасалған көрінеді.
«6 қаңтар күні сағат 15:00-дегі жағдай бойынша банк автоматтандырылған банктік ақпараттық және төлем жүйелерін, 300 нөмірі арқылы келіп түсетін қоңырауларды және өзге де сервистерді іске қосты. Цифрлық арналар кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр», — деп хабарлады банк өкілдері.
ТӨЛЕМ ҚАЛАЙ ЖАСАЛМАҚ
Банктік жүйелердегі ақау, әсіресе, несиесін өтеу мерзімі келген қазақстандықтарды алаңдатуда. Осы күндері төлемді тек мобильді қосымша арқылы ғана емес, банк бөлімшелерінде де жасау мүмкін болмаған. Ал терминалдардан банк бір жыл бұрын толықтай бас тартқан.
«2026 жылдың 1, 2, 3, 4, 5 және 6 қаңтарында ай сайынғы несие төлемін жүргізуді жоспарлаған клиенттер төлемді 2026 жылғы 7 қаңтар күні сағат 20:00-ге дейін жасай алады. Бұл мерзім кешіктіру ретінде есептелмейді және өсімпұл салынбайды», — деп сендірді «Отбасы банкінде».